Парламент өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өлім жазасын қолдану саласын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын жүргізіп келе жатқанын атап өтіп, 2003 жылғы 17 желтоқсанда Тұңғыш президент өлім жазасын толық тоқтата тұруға мораторий енгізгенін еске салды.

Осы істі жалғастыру аясында 2019 жылдың желтоқсан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев СІМ-ге Қазақстанның екінші факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды.

«2020 жылғы 23 қыркүйекте БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров хаттамаға қол қойды. Бірақ қол қою фактісі осы құжаттың ережелерінің дереу күшіне енуін білдірмеді, өйткені ол парламенттің міндетті түрде бекітуіне жатады», – деп атап өтті министр.

Құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер өлім жазасын қолданбау және өз құзыреті шегінде өлім жазасын жою үшін барлық шараларды қабылдауға міндеттеледі.

«Жалғыз ерекшелік – (өлім жазасы) соғыс уақытында рұқсат етіледі. Қазақстан конвенцияда көзделген ескертуді пайдалануға ниетті», – деп түйіндеді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!