фото: «Жолаушылар тасымалы» баспасөз қызметі

Пойызға кешігу – кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай. Tengrinews.kz тілшісі егер пойыз кетіп қалып, жолаушы перронда қалып қойса, не істеу керек деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Егер пойызға кешігіп қалсаңыз, не істеу керек?

Ең алдымен вокзалдағы билет кассасына барып, жағдайды түсіндіріңіз.

«Билетте көрсетілген станциядан пойыз кеткен соң бір сағат ішінде кассаға жүгінсеңіз, билет құнының бір бөлігін қайтаруға болады», – деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» компаниясының баспасөз қызметі.

Қайтару үшін жеке куәлік пен билет қажет.

«Қайтарылатын сома мен мерзім теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелерінде көрсетілген. Мұндай жағдайда жолаушыларға қосымша ақпарат алу үшін 1433 нөміріне хабарласуға кеңес береміз», – делінген хабарламада.

Егер пойыз кешігіп жатса, не істеу керек?

Пойыздың кешігу себебін вокзал қызметкерлерінен немесе ақпараттық таблодан нақтылаңыз. Билетті сақтап қойыңыз – ол өтемақы алуға қажет болады.

Компания мәліметінше, пойыз 1 сағаттан артық кешіксе, келесі жағдайларда өтемақы алуға болады:

Сапардан бас тартсаңыз – билет құны толық қайтарылады;
Жолда жүріп сапар үзілсе – жүріп өтпеген қашықтыққа ақша қайтарылады;
Пойыз кешіккен жағдайда – әрбір толық сағат үшін билет құнының 3%-ы өтеледі, бірақ билет құнынан аспайды.


Өтемақыны қалай алуға болады?

Егер билетті «Жолаушылар тасымалы» кассасынан сатып алсаңыз, өтінішпен сол кассаға жүгініңіз; Егер билет жекеменшік кассадан немесе онлайн-сервистен алынған болса, өтемақыны сол жерден талап ету керек. Өтініш беру мерзімі – пойыз кешіккен күннен бастап 6 ай ішінде (Қазақстанның «Теміржол көлігі туралы» заңы бойынша).

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!