Қазақстанда бірнеше мамандық пен лауазымдардың орташа айлық жалақысы 10 миллион теңгеден асады. Бұл Ұлттық статистика бюросының жоғары табыстарға арналған сауалнамасы нәтижесінде белгілі болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мамандардың айтуынша, мұндай жоғары табыстар көбінесе қаржы секторында, құрылыс саласында және әуе көлігі компанияларын басқаруда кездеседі.

Қаржы және сақтандыру

Қаржы қызметтері мен сақтандыру саласындағы қосалқы қызметтерде компанияны дамыту басқармасы басшыларының орташа айлық жалақысы:

Әйелдер үшін – 16,9 млн теңге

Ерлер үшін – 2,7 млн теңге

Қаржылық делдалдық саласында (сақтандыру мен зейнетақыны қоспағанда) басқарма төрағаларының орташа табысы:

Әйелдер – 11 млн теңге

Ерлер – 3,7 млн теңге

Міндетті емес сақтандыру және зейнетақы қамтамасыз етуімен айналысатын ұйымдардың қаржы-экономикалық бөлімдерін басқаратын ерлер – айына 14,9 млн теңге табады.

Құрылыс

Мамандандырылған құрылыс жұмыстары саласында тау инженері ретінде жұмыс істейтін ерлердің орташа жалақысы – 12 млн теңге

Ғимараттар құрылысы бойынша жобалау және іздестіру ұйымдарының директорлары – шамамен 11,5 млн теңге

Әуе көлігі

Әуе көлігі компанияларының бас директорларының орташа айлық жалақысы – 10,4 млн теңге. Бұл категориядағы үлгі тек ер адамдарды қамтиды.

Сарапшылар атап өткендей, көрсеткіш топ ішіндегі орташа жалақыларға қатысты, яғни нақты бір қызметкердің табысы осы мәннен төмен немесе әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!