Қазақстанда сотталғандар мен жауапқа тартылған азаматтардың өмірін ізгілендірудің маңызды бағыттарының бірі – қылмыстық процеске цифрлық технологияларды енгізу. Оның ішінде – электрондық білезіктерді қолдана отырып, бақылау жүргізу жүйесі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеп отыр.

“2024 жылдан бастап үйқамақ шеңберінде электрондық білезіктерді қолдану жобасы іске қосылды. Бұл шаралардың үлесі 2021 жылы 2,7% болса, 2024 жылы 60%-ға жетті. 2024 жылдың басынан 2025 жылғы наурызға дейінгі аралықта электрондық білезіктер 342 адамға қатысты қолданылды”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Электрондық бақылаумен үйқамақ – қоғамнан толық оқшаулауға балама ретінде тиімді шешімге айналуда. Бұл тәсіл:

• адамның отбасымен, жұмыспен және біліммен байланысын сақтауға мүмкіндік береді;

• түзеу мекемелерінің жүктемесін азайтады;

• мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашады.

Мұндай технологиялар бірқатар дамыған елдерде бұрыннан табысты қолданылып келеді:

• Франция, Бельгия, Канада және Нидерландыда олар қамауға алуға балама шара ретінде кеңінен енгізілген;

• АҚШ-та электрондық мониторинг алдын ала қамаудың немесе жазаны өтеудің бір нұсқасы ретінде пайдаланылады;

• Норвегия мен Швецияда цифрлық технологиялар қылмыстық саясаттың ажырамас бөлігіне айналған, мұнда басты назар әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталады.

Цифрландыру өз кезегінде процесті ашық етіп, бақылауды жеңілдетеді және қоғамның әділет жүйесіне деген сенімін арттырады.

Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеге сай келеді және құқықтық тәртіп пен адам құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!