фото:depositphotos.com

Қазақстан Ұлттық банкі валюталық операцияларды бақылаудың жаңа ережелерін бекітті. Соның ішіндегі басты жаңалық – Қазақстанда жұмыс істейтін банктер мен бейрезидент банктердің филиалдары енді Ұлттық банкке валюталық операциялар бойынша құжаттарды, мәліметтер мен есептерді ұсынуға міндетті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Банктер Ұлттық банкке қандай мәліметтерді жолдайды?

Банктер жүргізілген валюталық операциялар туралы есепті ай сайын жіберіп отырады. Оған белгіленген шектік мәнге жететін операциялар, сондай-ақ шетел валютасын сатып алу және сату жөніндегі жекелеген мәмілелер енеді.

Заңды тұлғалар үшін есепке мыналар кіреді:

  • сомасы 50 мың доллардан басталатын валюталық операциялар.

Жеке тұлғалар үшін есепке мыналар кіреді:

  • баламасы 10 мың доллардан басталатын валюталық операциялар, сондай-ақ баламасы 1 мың доллардан басталатын шетел валютасын қолма-қол ақшасыз сатып алу және сату операциялары.

Банктердің өздері үшін есепке мыналар кіреді:

  • баламасы 50 мың доллардан басталатын валюталық операциялар,
    сомасына қарамастан шетел валютасын сатып алу және сату операциялары.

Есептілік Ұлттық банктің орталық аппаратына ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-нан кешіктірілмей жолдануға тиіс.

Тағы не өзгереді?

Ережелерде валюталық шарттар бойынша төлемдерді ресімдеу тәртібі де нақтыланған. Егер шартқа есептік нөмір берілсе, оны төлем құжаттарында көрсету қажет. Банк өз кезегінде бұл деректердің бар-жоғын тексереді.

Егер төлемде қажетті деректемелер көрсетілмесе немесе қате көрсетілсе, ақшаның есепке алынуы ақпарат нақтыланғанға дейін тоқтатыла тұруы мүмкін. Егер келіп түскен соманы 180 күнтізбелік күн ішінде сәйкестендіру мүмкін болмаса, банк аударымды орындамай, жіберушіге қайтарады.

Бұдан бөлек, банктер мен валюталық бақылаудың өзге де агенттері валюта заңнамасының анықталған заңбұзушылықтары туралы Ұлттық банкке хабарлауға тиіс.

Бұл іс жүзінде нені білдіреді?

Шын мәнінде, жаңа ережелер банктік есептілік арқылы валюталық операцияларды бақылауды күшейтеді. Бизнес үшін 50 мың долларлық жаңа есептілік шегі, ал азаматтар үшін 10 мың долларлық шек маңызды. Валютаны қолма-қол ақшасыз сатып алу және сату мәмілелері кейбір жағдайларда сомасына қарамастан немесе төменірек шек бойынша Ұлттық банкке беріліп отырады.

Жаңа ережелер 19 сәуірден бастап күшіне енеді. Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!