Мұнай саласының сарапшысы Асылбек Жакиев Қазақстандағы жанар-жағармай сапасы мен тапшылығына қатысты BAQ.KZ тілшісінің сауалдарына жауап берді.
“Сапа тұтынушыға жеткенше бұзылады”
Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, жанар-жағармай сапасына жасалған сынамалардың төрттен бір бөлігі сынақтан өтпеген. Жанармай сапасының төмендеуіне қандай факторлар әсер ететінін сарапшыдан сұрадық.
Ол жанар-жағармай сапасы мұнай өңдеу зауытынан тұтынушыға жеткенше дейінгі аралықта бұзылатынын жеткізді.
Қазақстанда ең ірі 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Олар жақсы модернизациядан өткен. Ол не деген сөз? АИ-95 еуро стандарты К4, К5-ке дейін жетті. Бірақ, өкінішке орай, мынау ортада жүрген қызмет көрсету компаниялары, яғни шағын және орта бизнес өкілдері, мұнайды сумен және тағы да басқамен араластырып, осы сапасыз жанар-жағармайды нарыққа жіберіп жатыр, – деп түсіндірді Асылбек Жакиев.
Сарапшы мәселені шешу жолын да айтты.
Біріншіден, Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері тарапынан бақылау жұмыстарын нығайту керек. Екінші мәселе үш ірі мұнай өңдеу зауыты өзінің бақылау жұмыстарын арттыруы қажет. Үшінші ол, әрине, жергілікті, әрбір облыстағы бақылау департаменттері, комитет өкілдері жанармай бекеттерін, мұнай станцияларын бақылауға алу керек, – деді ол.
Мұнай өнімдері неге тапшы?
Сарапшыдан жыл сайын байқалатын мұнай өнімдері тапшылығы немен байланысты екенін сұрадық.
Жалпы статистиканы алсақ, Қазақстан 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, 90 миллион тоннаға дейін мұнай өндірген. Соның ішінде үш мұнай өңдеу зауыты ішкі нарыққа 15 миллион тонна жанармай шығарып жатыр. Әрине, қазіргі таңда бәрімізге мәлім көктемде, күзде жанар-жағармайдың тапшылығы мәселесі бар. Неге десеңіз, оны көптеген ауыл шаруашылықтары пайдаланып жатыр, – деді Асылбек Жакиев.
Ол еліміздегі жанар-жағармай өнімдері тапшылығын негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырғанымызды айтты.
Энергетика министрлігі, “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясы және Ресейдің мұнай-газ компаниялары арасында индикативтік баланс бойынша келісімшарт бар. Жыл сайын Ресей 1,5 миллион тоннаға дейін дизель отыны, жанармай, АИ-92, АИ-95 тағы да басқа өнімдер импорттап жатыр, – деді ол.
Асылбек Жакиев бұл қадам тапшылықты жабуға көмектесіп келгенімен, қазір жағдай басқаша екенін жеткізді.
Ресей Федерациясының көптеген мұнай өңдеу зауыттарын қазір Украина дрон арқылы шабуылдап жатыр. Сондықтан Ресей Федерациясы Қазақстанға осы экспортты орындай ала ма? Сондықтан қазіргі таңда Энергетика министрлігі Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстанмен осы елдерден жанар-жағармайды алып келу туралы сөйлесіп жатыр, – деді сарапшы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!