фото: baq.kz

Қазақстанда тамыздың алғашқы жексенбісінде Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Бұл – ел ішіндегі қозғалысты қамтамасыз етіп жүрген мыңдаған маманның еңбегін бағалайтын ерекше күн. Олар – пойыз, автобус, ұшақ, кеме және жүк көліктері арқылы күн сайын адамдар мен жүктерді діттеген жеріне жеткізіп отырады.

Бұл салада кімдер жұмыс істейді, олардың табысы қанша және Қазақстан көлік бағытында қандай нәтижеге қол жеткізді? Осы жөнінде толығырақ BAQ.KZ тілшісі ізденіп көрді.

Қазақстанның көлік саласында шамамен 670 мың адам еңбек етеді. Олардың қатарында машинистер, жүргізушілер, диспетчерлер, жүк тиеушілер, логистер, инженерлер және өз ісінің маманы болған басқа да көптеген қызметкер бар. Осы мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында күн сайын миллиондаған адам мен мыңдаған тонна жүк межелі жеріне дер кезінде жеткізіледі.

Көлік саласы еліміздегі тасымалдың негізі саналатын теміржолды да қамтиды. Қазақстан – аумағы кең мемлекет, сондықтан алысқа қатынау үшін пойыз әлі де ең қолайлы көлік түрі болып отыр. Қазір еліміздегі теміржол желісінің ұзындығы 16 мың шақырымнан асады, оның 4 мың шақырымы электр тартылымымен қамтылған.

Сондай-ақ елімізде жалпы ұзындығы 90 мың шақырымды құрайтын автокөлік жолдары бар. Бұл бағытпен барлық жүктің төрттен бір бөлігі тасымалданады.

Авиация мен теңіз көлігі халықаралық байланыстарда ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда Каспий теңізіндегі порттар, ірі әуежайлар және құрлықтағы логистикалық хабтар белсенді дамып келеді.

Көлік саласында қандай жетістіктерге қол жеткізілді?

Қазақстан бүгінде Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік дәлізіне айналды. Ел аумағы арқылы халықаралық жүк тасымалы жүзеге асырылады, әсіресе Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі – Еуропа бағыты белсенді жұмыс істеп тұр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары еліміздің көлік және логистика саласына шамамен 35 миллиард доллар инвестиция салынған. Бұл қаржының арқасында жыл сайын мыңдаған шақырым жол мен теміржол желісі салынып, жөнделуде. Сонымен қатар, жаңа бағыттар ашылып, көлік құралдары мен инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.

Қазақстанда бұл мереке қалай аталып өтеді?

Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күні сала үздіктері марапатталады, оларға алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталады. Биыл еліміздің түрлі өңірінде 100-ден астам маман түрлі марапатқа ие болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен арнайы құттықтап, олардың ел экономикасына қосқан үлесін атап өтіп, бұл саланың әрі қарай да қолдауға ие болатынын жеткізді.

Транспорт жүйесін экономиканың қозғаушы күші, дамудың және өркендеудің кепілі деуге толық негіз бар. Бұл салада еліміздің әлеуеті орасан зор, тіпті бірегей десек артық емес. Қазақстан – Еуразия құрлығындағы маңызды транзиттік тораптардың бірі. Қазір Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы жүк тасымалын қамтамасыз ететін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы аясында Қытаймен бірлесіп Сиань қаласында көлік-логистикалық орталық ашылды. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалы көлемін арттыруға өз ықпалын тигізері сөзсіз, – деді Президент құттықтау сөзінде.

Бұл мерекенің маңыздылығы неде?

Көлік — бұл тек жол мен техника ғана емес. Ол — адамдар, өңірлер мен елдер арасындағы байланыс құралы. Көлік болмаса, сауда да жүрмейді, шалғай ауылға дәрігер де жетпейді, азық-түлік те жеткізілмейді, тойға қонақ та келе алмайды.

Президенттің атап өтуінше, қазіргі таңда елімізде логистикалық орталықтар мен қоймалар ашылып, теміржол магистралдарын салу қарқын алған. Бұл ауқымды шаралар еліміздің сыртқы сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, жалпы экономикалық өсімге де серпін береді.

Сонымен қатар, алдағы уақытта 11 мың шақырым теміржол желісі жөнделіп, 5 мың шақырымы жаңадан салынып, жаңғыртылады. Ел аумағында ірі жобалардың бірі — Трансқазақстан теміржол дәлізі іске қосылуда. Президент тапсырмасына сәйкес, ұзындығы 323 шақырымды құрайтын Мойынты – Қызылжар теміржол желісі төселіп жатыр. Бұған қоса, Дарбаза – Мақтаарал және Аягөз – Бақты бағыттарындағы учаскелерде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Қазақстанда көлік саласы қызметкерлері қанша табыс табады?

Ресми емес деректерге сүйенсек, 2025 жылдың басындағы мәлімет бойынша «көлік және қоймалау» саласындағы орташа айлық жалақы шамамен 572 600 теңгені құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл ел бойынша орташа жалақыдан (423 000 теңге) жоғары.

Мәселен, жұмыс тәжірибесі 3 жылға дейінгі пойыз машинистері 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жалақы алса, 5 жылдан асқан тәжірибелі мамандардың табысы 500 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін. Бұл сомаға артық жұмыс уақыты мен түнгі ауысымдар үшін төлемдер де кіреді.

Мысалы, «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» депосында машинистің сағаттық мөлшерлемесі – шамамен 1 925 теңге. Бұл 167 сағаттық стандартты жұмыс көлемінде орта есеппен 322 000 теңге (оның ішінде «таза қолға» – шамамен 260 000 теңге) береді. Ал көмекшілердің мөлшерлемесі – 1 547 теңге/сағат, бұл 258 900 теңге (шамамен 210 000 теңге таза табыс) көлемінде жалақыны құрайды. Егер айына 160–240 сағат және одан көп жұмыс істесе, тәжірибелі машинист 400–500 мың теңге көлемінде таза табыс таба алады.

2025 жылдың басында ҚТЖ компаниясының аға HR бизнес-серіктесі Әсел Ақтау еңбекке ақы төлеу жүйесіне енгізілген жаңа өзгерістер мен қызметкерлерді ынталандыру тетіктерін таныстырды. Оның айтуынша, соңғы бес жылда компания қызметкерлерінің жалақысы 2,7 есеге өскен, ал 2025 жылдың өзінде – 7 пайызға артқан.

Сонымен қатар, ҚТЖ компаниясында еңбек өтіліне байланысты бір реттік төлемдер енгізілді:

10 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлерге – 100 мың теңге,

20 жылдан астам еңбек еткендерге – 200 мың теңге,

30 жылдан асқандарға – 300 мың теңге көлемінде жыл сайын сыйақы төленеді.

Жалпы, соңғы үш жылда ҚТЖ компаниясы 282 миллиард теңгені еңбекақыны көтеруге бағыттаған. Соның ішінде тек 2023 жылы жалақы 20 пайызға артты.

Көлік саласындағы негізгі өзгерістер мен реформалар

2024 жылы Қазақстанда 7 000 шақырым автожол жөнделсе, жалпы бақылаудағы жол көлемі 12 000 шақырымды құрады. 2025 жылы 13 000 шақырымға дейін жол жөндеу және ұзындығы 1 045 шақырым болатын жаңа учаскелерді ашу жоспарланған. Ал 2030 жылға дейін 4 700 шақырым автожол салынады деп күтілуде. Бұл қатарда Ақтөбе – Ұлғайсын, Қарағанды – Жезқазған, Астана – Қостанай – Ресей шекарасы секілді маңызды бағыттар бар.

Теміржол саласында 2029 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді. Онда саланы цифрландыру, тиімділікті арттыру және халықаралық дәліздермен ықпалдасу көзделген. 2025 жылы «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші жол желісінің құрылысы мен Алматы стансасының айналма тармағы аяқталуы тиіс. Бұл жобалар теміржолдың өткізу қабілетін 5 есе арттырады.

Сондай-ақ Alstom компаниясымен бірлесіп жаңа электровоздар мен 225-тен астам вагон сатып алу, локомотивтер өндірісін кеңейту жоспарланған.

Көлік инфрақұрылымын цифрландыру бағытында да ауқымды шаралар қолға алынған. Мәселен, әуежайларда e-Freight жүйесі, ал трансқазақстандық маршруттарда Tez Customs пен Digital Trade Corridor жобалары іске қосылып жатыр. Бұл жүйелер кеден рәсімдерін жеңілдетіп, жүктің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңына дейін Қытай, Өзбекстан және Түрікменстанмен шекаралас аймақтарда 5 заманауи кеден бекеті ашылып, Ақтау портында контейнерлік терминал іске қосылады.

Қалалық көлік жүйесіне келсек, Алматы қаласында 2025 жылдан бастап қоғамдық көлікті жаңарту белсенді жүріп жатыр. Газ және электр қуатымен жүретін жүздеген жаңа автобус сатып алынды, Желтоқсан және Райымбек көшелері бойында BRT желісі (тиімді қоғамдық көлік жолағы) салына бастады. Ұзындығы тиісінше 4,6 және 17,2 шақырымды құрайды.

Әуе қатынасы саласында да инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды, нәтижесінде әуежайлардың өткізу мүмкіндігі едәуір артты. Мәселен, Алматы әуежайы бұған дейін жылына 2,5 млн жолаушыны қабылдай алса, қазір бұл көрсеткіш 14 млн адамға жетті.

Сонымен қатар, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі елді мекендерінде жаңа үш әуежайдың құрылысы жүріп жатыр. Арқалық қаласындағы әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жобалар тек жолаушылар ағынын арттырып қана қоймай, логистика, туризм, сауда және онымен байланысты салалардың дамуына серпін бермек.

Қазіргі таңда Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуе қатынасы бар.

Осылайша, соңғы жылдары Қазақстанның көлік саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа жолдар мен теміржол желілері салынып, вокзалдар мен әуежайлар жаңартылуда, цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Мемлекет елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы маңызды логистикалық тораптардың біріне айналдыруда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!