Фото: mir24.tv

Іnbusiness.kz. Рөлі оң жағында орналасқан көліктердің кесірінен болатын бұндай жантүршігерлік жол апаттары үнемі тіркеліп тұрады. Осы күнге дейін «оңқайлардың» озбырлығына көзжұма қарап келген құзырлы органдар, екі полицей қызметкері міндетін атқару үстінде қаза тапқан соң және бұл оқиғаға бүкіл қоғам ашына назар аударғаннан кейін, амалсыз заң тетігін шұқылай бастағандай…

Естеріңізде болса, 2006-жылдың 13-қарашасында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында рөлі сол жақта орналасқан көліктерді елге әкелуге түбегейлі тыйым салу жөнінде шешім қабылданған. Дәл сол кезде ҚР Ішкі істер министрлігі 2010-жылдың 1-қаңтарынан бастап бұндай көліктерді пайдалануға тыйым салуды заңмен бекітуді ұсынған. Одан беріде «оңқайлардың» елге келуіне, Қазақстан жолдарында жүруіне, сатылуына бірнеше мәрте тыйым салынып, әжептәуір қудаланған.

Обалы не керек, 30 жыл бойы заңды айналып өтуден алдымызға жан салмай келеміз. Рөлі сол жағында орналасқан көліктерді елге кіргізу, сату, пайдалану мәселесінде де пысықайлар құзырлы органдармен ымыраласып, ойына келгенін істеумен келді. Мәселен, зауыттан шыққанына 30 жылдан асып кеткен бұндай көліктерді «қосалқы бөлшек» ретінде рәсімдеп, заңды тіркеуге қойғаннан кейін, утилизацияға кеткен көліктердің құжатына тіркеп отырған. Ол аз болса, өмірде рөлі сол жағында болмайтын көліктердің рөлін сол жағына шығарып, «Қазақстанда жасалған» қауіпті техника құрастыруды табыс көзіне айналдырған. Соның салдарынан елімізде рөлдері сол жағына алмастырылған құрама көліктердің жол апаты жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Бірақ, ол кезде ІІМ тарапынан пәлендей шара қолданылмап еді.

Бүгінгі таңда көптеген елдер жол қауіпсіздігі мақсатында рөлі оң жағында орналасқан көліктерден заңды түрде біртіндеп бас тартуда.

Егер «оңқай» көліктер жол ережесін бұзса, көлік құралын иесінен тартып алады. Бұндай тәжірибе – Израильде, Тәжікстанда, Балтық жағалауы елдері мен Әзірбайжанда, Конгода бар.

Алматы мен Шымкент арасында талай жол апатына себепкер болған рөлі оң жағында орналасқан «Альфард» маркалы көпкісілік минивендер екені елдің бәріне мәлім. Естуімізше, оңтүстіктің жігіттері осы «Альфард» көлігін күндігіне 50 мың теңгеге жалға беретін көрінеді. Жалдау ақысы мен өз нәпақасын толтырам деп жап-жас жігіттер күні-түні энергетикалық сусын ішіп алып, Алматы-Шымкент арасында құстай ұшып жүр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметтері бойынша, 2023-жылы елімізде 240 мың заңсыз көлік легализацияланған. Соның ішінде 22 мың көлік Қазақстанға «қосалқы бөлшек» ретінде кіргізілген оң рөлді құрама авто.

Халықаралық автожолдың Мерке-Шу-Бурылбайтал тұсында көлік апатынан қаза тапқан 6 адамды ақтық сапарға шығарып салған күні, Көлік министрі мен InDriver компаниясының басшысы «рөлі оң жағында орналасқан және сол жағына ауыстырылған көліктерді такси қызметінен аластау» жөніндегі меморандумға қол қойды. Ендігі жерде аталмыш көліктермен InDriver және Яндекс-такси ретінде жұмыс істеп жүрген жүргізушілер де, көлігі де такси қызметіне қабылданбайды. Алайда, бұл Ереже тек 2025-жылдың 1-қаңтарынан бастап күшіне енбек.

Көлік министрлігі жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ережелерді ұсынып отыр. Мәселен, такси көліктері жолда жылдамдығын сағатына 50 шақырымнан асырмау. Жолаушы тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, жүргізуші жолға шығар алдында медициналық куәландырудан өтуі керек, еңбек және демалыс кестесін және жылдамдық режимін сақтауы тиіс. Сондай-ақ, такси қызметіне тартылған автокөлік міндетті түрде Қазақстанда тіркеліп, жылына екі рет техникалық байқаудан өтуі тиіс. Ескере кететін жайт, бұл әзірге министрлік тарапынан айтылып отырған ұсыныс қана. Оның жүзеге асар-аспасы әлі белгісіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!