KAZINFORM — Биыл Қазақстан жолда жүру бойынша Numbeo рейтингінде 89 елдің арасында 47-орынға тұрақтады. Біздің елдің индексі — 134,9 балл. Бұл туралы Finprom.kz ресурсы талдау жасаған.

Рейтинг елдерді бірнеше көрсеткіш бойынша салыстырған: 

— Уақыт индексі, яғни адамдар орташа есеппен бір нүктеге жетуге немесе бір нүктеден келуге қанша уақыт жұмсайды;

— CO₂ шығарындыларының индексі, яғни бір сапар барысында қалдықтың көлемі;

— Тиімділік индексі, яғни көлік жүйесінің тиімділігін бағалау. Тұрғындар қоғамдық көліктен гөрі жеке көлікті таңдайды немесе жолға тым көп уақыт жұмсауға мәжбүр.

Жолда көп уақытын өткізетін елдер рейтингінде Қазақстан 41 орынды иеленді. Қазақстанда сапардың орташа ұзақтығы 35,5 минутты құрайды. ТМД елдерінің ішінде Ресей (43,3 минут), Әзербайжан (40,6 минут) және Украина (37,9 минут) тұрғындары межелі жерге ұзақ жетеді. Армения (29,3 минут) және Беларусь (31,2 минут) тұрғындары жолға аз уақыт жұмсайды.

Әлемде Нигерия тұрғындары (65,3 минут) ең көп уақытын жолда өткізеді, ал Исландия халқы межелі жерге жылдам жетеді (21,4 минут).

Жолда CO₂ шығарындыларының деңгейі бойынша Қазақстан әлемде 89-дан 47-ші орынды иеленді. Елімізде бір жерге барып келуге 3,9 келі көмірқышқыл газы кетеді. 
Ең жоғары көрсеткіштер Коста-Рика мен Оңтүстік Африкада (әрқайсысы 9,5 кг), сондай-ақ Ливанда (9,3 кг) тіркелді. Шығарындылардың ең төменгі деңгейі Албанияда (1,5 кг), Финляндияда (1,6 кг) және Австрияда (1,6 кг) байқалды.

ТМД елдерінің ішінде көліктен ауаның ең көп ластануы Әзербайжан мен Ресейде (әрқайсысы 4,2 кг), сондай-ақ Украинада (3,9 кг) байқалады. Ең төменгі көрсеткіш Арменияда (2,7 кг) және Беларусь елінде (3,3 кг) тіркелді.

Былтыр Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға 52,8 млрд теңге инвестиция құйылды, бұл қаражат 2023 жылға қарағанда 74,9%-ға аз. 

Өңірлер бойынша ең көп инвестиция Павлодар облысына тиесілі 15,3 млрд теңге, одан кейін Қарағанды (12,9 млрд теңге) және Атырау (7,3 млрд теңге) облысы орналасқан.

Қаржыландырудың негізгі көзі, яғни 93,8% кәсіпорындардың жеке меншігінен. Банктік кредиттердің көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!