Коллаж: Kazinform

Қазақстан шетелде жұмыс істейтін азаматтардың құқығын қорғау мақсатында бірқатар елмен еңбек келісімін жасау бағытында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды KAZINFORM.

-Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша шетелде 156,7 мың отандасымыз жұмыс істеп жүр. Қазақстандықтардың басым бөлігі Ресей Федерациясында – 128,8 мың адам, Корея Республикасында – 15,2 мың адам, Польшада – 2,6 мың адам, ал Ұлыбританияда – 1,4 мың адам еңбек етеді.

Шетелде жұмыс істейтін азаматтардың құқығын қорғау мақсатында өткен жылы Қазақстан мен Қатар үкіметі арасында еңбек ету туралы келісімге қол қойылды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министрдің бірінші орынбасары жыл басында Ұлыбританиямен еңбек көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы өзара меморандумы жасалғанын мәлім етті.

-Қазір Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, БАӘ, Словакия, Жапония, Швеция, Италия, Норвегия, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен меморандумға келу жұмысы жүргізіліп жатыр, – деп толықтырды спикер.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!