Фото: depositphotos.com
Кез келген адам жұмысқа орналасқан кезде ең алдымен жалақы жайлы сұрайды. Алайда жалақы мөлшерінің екі түрі бар. Шотыңызға айтылған сома түсуі мүмкін. Бірақ кейде келісілген сомадан аз түседі. Оның себебі неде? Жалақыдан не үшін және қанша ақша ұсталады? Толығырақ Massaget.kz материалында.
Жұмыс берушімен жалақы мәселесін талқылаған кезде айтылған сома «таза қолға берілетіні ме, әлде одан жарналар ұстала ма» деп, нақтылап сұрау керек. Егер айтылған сомадан жарналар ұсталатыны айтылса, оны мына жолмен есептейсіз.
Зейнетақы
ҚР Әлеуметтік Кодексінің 249-бабына сәйкес жалақыдан 10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) ұсталады. Бұл қызметкердің болашақ зейнетақысын қамтамасыз ету үшін қажет. Мысалы, егер келісімшартта жалақыңыз 200 000 теңге деп көрсетілген болса, осы сомадан МЗЖ-ға 20 000 теңге ұсталады.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын жылдық ең жоғары жиынтық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің он екі мөлшерінен аспауға тиіс.
Сонымен бірге МЗЖ есептеу үшін қабылданған жылдық жиынтық табыстың ең төменгі жалақысының он еселенген мөлшерінен аспауы керек.
Ақша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шотында сақталады.
Міндетті медициналық сақтандыру
Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты негізінде қызмет көрсететін жалдамалы жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Яғни 200 000 теңгенің 2%-ы 4 000 теңгені құрайды. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарнасы 17 000 теңге болуы мүмкін.
МӘМС жарналары – Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру және қазақстандықтарды түрлі медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін қажет. Бірақ ол жиналмайды және көрсетілген қызметтердің көлемі олардың мөлшеріне байланысты емес.
Табыс салығы
ҚР Салық кодексінің 320-бабына сәйкес келісімшартта көрсетілген жалақының барлық сомасынан емес, оның бір бөлігінен 10% мөлшерінде жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталады. Бұл салық бюджетті толықтыру және мемлекеттің әлеуметтік мақсаттарын қаржыландыру үшін қажет.
ЖТС есептеу үшін жалпы жалақыдан (200 000 теңге) МЗЖ (20 000 теңге) және МӘМС (4 000 теңге) шегеру қажет.
200 000 теңге – 20 000 теңге – 4 000 теңге = 176 000 теңге.
Бұдан әрі 14 АЕК (51 688 теңге) мөлшерінде стандартты салық шегерімін ескеру қажет.
176 000 теңге – 51 688 теңге = 124 312 теңге.
Осы 124 312 теңгеге 10% табыс салығы салынады, яғни 12 431 теңге.
Осылайша, 200 000 теңге жалақы алатын адам қолына 163 569 теңге (200 000 – 20 000 (МЗЖ) – 4 000 (МӘМС) – 12 431 (ЖТС) алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!