«Дропперлерден» заңсыз иеленген қаражаттар өндірілді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.

«Прокуратураның үйлестіруімен полиция органдары жәбірленушілерге Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес «дропперлерден» негізсіз баюға байланысты алынған ақша қаражатын өндіріп алу механизмін түсіндіріп жатыр. Мысалы, алаяқтар алдау арқылы жәбірленушінің 3,6 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденген. Оның 1,6 миллион теңге сомасындағы бір бөлігі «дроппердің» шотына аударылғаны анықталды», – делінген хабарламада.

Жәбірленуші Азаматтық кодекстің 953-бабы тәртібінде негізсіз байлықты «дропперден» өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

«Сот қарауының нәтижесі бойынша жәбірленушінің талап-арызы қанағаттандырылды. Елордада былтыр сот 54,7 миллион теңге сомасына 10 талап-арызды қанағаттандырды. Биыл сот 22,3 миллион теңге сомасына 6 талап-арызды қанағаттандырды», – делінген хабарламада.

«Дропперлердің» алаяқтыққа қатысы бар екені анықталса, олар сыбайлас ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

«Қала прокуратурасы азаматтарға оңай табыс табу туралы ұсыныстардан сақ болуды, жеке деректерді бермеуді және мұндай схемаларға қатысудан бас тартуды ұсынады. Осы фактілер бойынша талап қою тәртібі туралы ақпарат алу үшін полицияға немесе прокуратураға хабарласуды ұсынамыз».

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!