ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 25 тамызда жыл басынан бері қандастардың көпшілігі қай елдерден қоныс аударғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, 2025 жылда 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралды.
«Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,2% Өзбекстаннан, 43,2% – Қытайдан, 5% – Түрікменстаннан, 2,7% – Монғолиядан, 2,4% – Ресейден, және 2,5% басқа елдерден»,- делінген ақпаратта.
2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,1%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,8%-ды және зейнеткерлер 9,1%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша:
- 15,7%-ы жоғары білімді,
- 28,1%-ы кәсіби орта білімді,
- 53,5%-ы жалпы орта білімді,
- 2,7% білім жоқ.
«Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 286 қандас қоныс аударды»,- деп мәлімдеді ведомство.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Жыл басынан бері 563 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 221 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
«Ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды».ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!