Коллаж: Kazinform
KAZINFORM – Статистика көрсетіп отырғандай, еліміздегі 20 млн-нан астам адамның тек 9,5 млн-ында өз үйі бар. Сондықтанда пәтер жалдау бағасы Қазақстан азаматтарының тең жартысынан астамы үшін өзекті сауал. Осы ретте, Kazinform тілшісі мемлекеттің әр өңірінде пәтерді қаншаға жалға алуға болатындығын анықтап көрді.
Ұлттық статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, қыркүйек айында ел бойынша жалға берілетін тұрғын үйдің орташа бағасы 1,5%-ға қымбаттады. Баға әсіресе Өскемен мен Қарағандыда күрт өскен. Бұл екі аймақта пәтер жалдау бағасы 5 пайызға қымбаттап отыр. Үшінші орынға Көкшетау қаласы (4,8%) орын тепкен. Сондай-ақ Талдықорған қаласында да пәтер жалдайтындардың қалтасына түсер салмақ біршама ауырлаған (4,2%).
Халық арасында пәтерді жалға алу бағасы Алматы мен Астанада ғана қымбаттап жатыр деген пікір бар. Статистика көрсеткендей, Қазақстанның бас қалаларында үйді бір айға жалға беру құны сәйкесінше 1,6% және 1,4%-ға қымбаттады. Ал елдегі үшінші ірі мегаполис – Шымкентте баға 2,5 пайызға өскен.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше,Қазақстанда жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрінің бағасы қыркүйек айында 4471 теңгені құрады. Ең жоғары баға Алматыда – 5 364 теңге.
Ең төменгі баға Тараз қаласында – 2 074 теңге.
Ел аймақтарында бір бөлмелі пәтерді 1 айға жалға алудың бағасы келесідей:
Қыркүйек айының соңында бір топ мәжілісмен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне пәтерді жалға беру нарығын реттеуді, шекті бағаны енгізуді және барлық жалға берілетін пәтерлерді жайлылық деңгейі бойынша жіктеуді ұсынған болатын.
Бұл ұсыныстың негізгі мақсаты – тұрғын үй сатып алуға жағдайы жоқ азаматтар мен студенттерді қорғау. Әзірге мәселе ашық күйінде қалып отыр. Себебі халық қалаулылары мемлекеттің халықтың бір санатының (пәтер иелері) құқығын екінші санаттағылар (жалға алушылар) үшін нарықтық экономика заңдарын бұзбай қалай шектеуі қажеттігін нақты айтқан жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!