Қарасөздің қарагері, Қытайдан Қазақстанға өткен алғашқы ұлы көштің дарабозы 24 сәуірде 85 жасқа толар еді
АЛМАТЫ, 5 сәуір – Sputnik. Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов 85 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабарды Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген.
1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Екінші курсты бітірген соң кері шақырылған. 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады.
1962 жылы Қытай шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғастырды. 1965 жылы оқуды бітірді.
Жазушының шығармашылық жолы Шәуешек гимназиясында оқып жүрген кезде басталған. 1954 жылы «Шыңжаң газетінде» алғашқы өлеңдері жарияланды.
Жастық шақтағы өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен басылып шықты. Осыдан кейін қаламгер проза жанрына ауысты. Романдарының басым бөлігі тарихи тақырыпқа арналған.
1968 жылы «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағы, 1969 жылы «Көкейтесті» романы шықты. «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр» романдарында Шыңжаң қазақтарының өмірі жазылған.
Қабдеш Жұмаділовке 1998 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді. 1990 жылы «Тағдыр» романы үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!