Қазақ халқының салт-дәстүрлері ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп, халықтың рухани байлығы мен мәдениетін қалыптастыруда. Әрбір дәстүрдің өзіндік мәні, маңызы бар, ол халықтың өмірі мен тұрмысының ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ бүгінде жастар арасында бұл дәстүрлердің сақталуы мен орындауы туралы пікірлер әртүрлі. Өткен мен қазіргі заман арасындағы айырмашылықтар, жаһанданудың әсері мен жаңа технологиялардың қарқынды дамуы дәстүрлерге деген көзқарасты өзгеріске ұшыратуда.

Ежелден қазақ халқының салт-дәстүрлері адамдардың бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін, ұлттық құндылықтарды сақтау және нығайту мақсатында қалыптасқан. Мысалы, «құрметті қонақ» болу, «қонақ кәде» сияқты дәстүрлер бір-бірімен араласудың, сыйластықтың негізі болған. Дәстүрлер тек қана жоралғылар мен мерекелік рәсімдермен шектелмей, қоғамның өзара байланысын, тәртібін сақтауға көмектескен.

Алайда, қазіргі заманда жастар арасында дәстүрлерге деген көзқарас өзгере бастады. Кейбір жастар бұл салттарды көнерген, мағынасыз ұғым ретінде қабылдап, заман талабына сай жаңа өмір салтын қалыптастыруды дұрыс деп санайды. Интернеттің, әлеуметтік желілердің және жаһандану процесінің ықпалымен жаңа мәдениеттер мен өмір салты қазақстандық жастар арасында кеңінен таралуда. Бұл, әрине, қазақтың ұлттық дәстүрлеріне әсер етпей қоймайды. Бірақ, жастар арасында салт-дәстүрлердің маңызын түсінетін, оларды қазіргі өмірге бейімдеп ұстанғысы келетін жас буын да бар. Олар ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға үлкен мән береді. Қазақтың ежелгі мәдениеті мен дәстүрлері олардың ұлттық бірегейлігін сақтап қалуға көмектесетінін түсінеді. Мысалы, ұлттық тағамдар, киімдер, әндер мен билер, сондай-ақ туыстық қатынастарды құрметтеу сынды салттар көптеген жастардың өмірінде орын ала бастады.

Кейбір жастар салт-дәстүрлерді тек белгілі бір мерекелер мен тойлар кезінде ғана ұстанса, басқа уақытта олардан қашық жүреді. Бұл да қазіргі жас буынның дәстүрлерге деген көзқарасының бір көрінісі. Бірақ бұл жағдайдың басты себебі – дәстүрлердің тәрбиелік мәнін терең түсінбеуден, сонымен қатар қазіргі заманның жылдам өзгеруінен туындап отырған жағдай.

Қазіргі таңда қазақтың салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту бағытында түрлі бастамалар мен жобалар қолға алынуда. Мысалы, жастар арасында ұлттық өнерді насихаттау, қазақ тілін үйрену, ұлттық қолөнермен айналысу сынды шаралар кеңінен таралуда. Бұндай іс-шаралар жастарға салт-дәстүрлерді тереңірек білуге, оларды өз өміріне енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәстүрлерді қазіргі заманның талабына сай жаңарту арқылы оларды сақтау және дамыту мүмкіндігі пайда болады.

Жастардың салт-дәстүрлерге деген көзқарасының өзгеруі, олардың жаңа қоғамда өз орнын табуы мен заманауи талаптарға сай болуға ұмтылуы табиғи процесс. Дегенмен, ұлттың болашағы үшін салт-дәстүрлердің, ұлттық құндылықтардың маңызын ұмытпау керек. Бұл құндылықтар қоғамның тұрақтылығын, бірлігін сақтауда үлкен рөл атқарады. Жас буын тек ұлттық дәстүрлерді ғана емес, сондай-ақ уақыт талабына сай болуды да меңгеріп, оларды үйлесімді түрде өмірде қолдануы тиіс.

Қазақы салт-дәстүрлерге көзқарасы әртүрлі болғанымен, бұл ұғымның маңызын түсінетін, оларды өз өміріне енгізуге дайын жастар саны артып келеді. Бұл үрдіс қазақ халқының ұлттық бірегейлігін сақтауға, салт-дәстүрлердің болашақ ұрпақтарға жетуіне үлкен септігін тигізеді.

Гүлсезім ЖҰМАҒҰЛ,
Қосымша білім беру оқу-әдістемелік
орталығы жас тілші үйірмесінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!