Астанада халықты жаппай вакциналау сәуір айының екінші жартысында басталады деп жоспарланып отыр
Нұр-Сұлтанда ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен ашық аспан астында тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакциналау жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлімдеді.
Айтуынша, медициналық мекемелер астаналықтарды вакцина егуге өздері шақыруы мүмкін. Тұрғындарды вакциналаумен кеңірек қамту үшін қоғамдық орындарда мобильді вакцинациялық пунктер ашу көзделуде.
«Күн жылынып, ауа температурасы жоғарыласа, ашық аспан астында және ірі сауда ойын-сауық орталықтарында адамдарға вакцина салу жұмысы ұйымдастырылуы мүмкін. Қазір мұны іске асыру үшін дайындалып жатырмыз», – деді Мұратов онлайн баспасөз мәслихатында.
Ол Нұр-Сұлтанда әр ай сайын 100 мыңға тарта адамға екпе егу жоспарда бар екенін атап өтті.
«Біз биыл 647 мың адамға вакцина салуды жоспарлап отырмыз, бұл халықтың шамамен 60%-і. Бұл бір айда бітетін жұмыс емес, вакцина кезең-кезеңмен түседі. Сол себепті біз алдымызға әр ай сайын 100 мыңға жуық адамға екпе егу жоспарын қойып отырмыз», – деді басқарма басшысы.
Айтуынша, халықты жаппай вакциналау сәуір айының екінші жартысында басталады деп жоспарлануда.
Бүгінде елордада 9 988 адам вакцина салғызған. Олардың ішінде медицина қызметкерлері – 4 650, педагогтер – 1 799.
Мұратов вакцинациядан кейін денсаулығы нашарлаған адамдар тіркелмегенін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!