Полиция қызметі – жауапкершілігі мол әрі қоғамдық қатынаста азаматтардың құқығын қорғау үшін белгілі бір функцияны орындайтын мамандық. Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген қызметкерлердің бірі Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары әділет подполковнигі Өскенбаев Алтынбек Тұрарбекұлы.

2000 – 2002 жылдар аралығында әскери борышын Орал қаласында өтеп, Ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде күзет бөлімінің бақылаушысы болып бастаған ол, қазіргі таңда әділет подполковнигі шенінде мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары. 1978 жылдың 30 қаңтарында Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1985- 1995 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №212 орта мектепті бітіргеннен кейін, Павлодар қаласындағы Ішкі істер министрлігінің заң колледжін «құқықтану» мамандығы бойынша сырттай білім алып шыққан.
Өзінің келешек мамандығын Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етумен байланыстырған жас маман 2009 – 2013 жылдар аралығында Қостанай заң академиясын аяқтаған. Қатардағы бақылаушы лауазымынан, мекеме бастығының орынбасары, подполковник шеніне дейін аянбай еңбек етуі арқасында бірнеше медаль, құрмет грамоталарымен марапатталған. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде 22 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.
Қызметте де, отбасында да үлкен абыройға ие әке мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателеспегенін айтып, бұл қызметтің қатал тәртіпті талап ететінін тілге тиек етті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!