Санаулы уақыттан кейін әлем бойынша қажылық сапар басталады. Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қажылық сапарды қауіпсіз өткеру үшін бірқатар кеңестерді ұсынады. Қажылыққа баратын барлық адамдардың менингококк инфекциясына қарсы екпе алуы міндетті. Бұл қажылыққа барушыларды аурудан қорғау үшін қатаң бақылауды және қосымша қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Менингококкқа қарсы вакцина сапарға аттанғанға дейін кемінде 10 күн бұрын салынуы тиіс: полисахаридті вакцина 3 жылға, конъюгацияланған вакцина 5 жылға жарамды.

Менингококк инфекциясы – бұл менингококк бактериясынан туындаған жұқпалы ауру. Менингококк инфекциясы ауру тасымалдаушыларының тыныс алу жолдарынан секреция тамшылары арқылы беріледі. Аурудың түріне қарамастан инкубациялық кезең 2-ден 10 күнге дейін жалғасады. Менингококк инфекциясының клиникалық белгілері: жоғары температура, бас ауруы, құсу, бөртпе. Менингококк өзінің асқынуларымен қауіпті.

Екпеге қосымша жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында қажылыққа барушыларға міндетті түрде келесі сақтық шараларын орындау ұсынылады:

  • жеке бас гигиенасын сақтау, қолды үнемі сабындап жуу немесе антисептикалық құралдарды қолдану, әсіресе бұл қоғамдық орындарға, дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішердің алдында және жөтелген соң немесе түшкіргеннен кейін маңызды;
  • адам көп жиналатын орындарда медициналық маска тағу және респираторлық аурулардың белгісі бар адамдармен тығыз қарым-қатынас жасаудан аулақ болу;
  • жануарлардан алынатын шала қайнатылған немесе нашар қуырылған тамақтарды жемеу;
  • түйелерді ұстамау, сонымен бірге түйе фермаларына, базарларына және түйе ұстайтын жерлерге бармау;
  • жәндіктердің шағуынан репелленттерді қолдану, физикалық кедергі жасау (есік-терезелерге тор ілу), дененің көп бөлігін жауып тұратын ақшыл түсті қорғаныш киім кию арқылы қорғану;
  • құлшылық жасау кезінде тік түсетін күн сәулесінің астында болуды шектеу және сусыздануды болдырмау үшін таза ауыз суды жеткілікті мөлшерде ішуді қамтамасыз ету;
  • ұйымдастырылмаған сауда орындарынан азық-түлік өнімдерін сатып алмау;
  • тамақтан улану қаупін болдырмау үшін балғын жеміс пен көкөністі жақсылап жуу және тамақ өнімдерін қауіпсіз температурада сақтау.

Қажылықтан оралғаннан кейін әлсіздік белгілері – жоғары температура, жөтел, бас ауруы және басқа да белгілер байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!