Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың әлеуметтік желі арқылы тәрбие алуы қауіпті үрдіс екенін атап өтті. Бұл туралы ол Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтты.

“Қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз”, – деді ол.

Тоқаев ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беру қажет деп есептейді. Дегенмен бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес дейді.

“Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады”, – деп түсіндірді президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!