Отбасы – қоғамның ең маңызды әлеуметтік институты. Ол адамға алғашқы тәрбие беретін, рухани құндылықтарды сіңіретін және тұлғаның қалыптасуына тікелей ықпал ететін орта болып табылады. Алайда жаһандану, урбанизация, технологиялық даму және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қазіргі қоғамдағы отбасының құрылымы мен қызметіне елеулі ықпал етуде. Жаһандану дәуірінде отбасылық құндылықтар мен дәстүрлі дүниетанымымызда реннесанстық (қайта жаңғыру) кезең жүріп жатқанын байқауымызға болады.
Бұрынғы дәстүрлі қазақ отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға бағыну, ұрпақ сабақтастығы басты құндылықтар болып саналды. Отбасы көпбалалы немесе бірнеше ұрпақ бір шаңырақ астында өмір сүретін кең әлеуметтік орта болды. Ал бүгінгі таңда ядролық отбасы үлгісі кең таралып, ата-әже мен немере арасындағы күнделікті қарым-қатынас сиреп барады.
Қазіргі отбасының басты өзгерістерінің бірі – гендерлік рөлдердің қайта қарастырылуы. Әйелдердің білім алуы мен еңбек нарығына белсенді араласуы, ерлердің бала тәрбиесі мен үй шаруасына көбірек қатысуы отбасылық қатынастардың серіктестік үлгісіне көшуіне жол ашты. Бұл өзгерістер бір жағынан отбасы ішіндегі теңдікті арттырса, екінші жағынан дәстүрлі көзқарастармен қайшылыққа тап болып, көптеген мәселелерді тудырып отыр. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар да отбасылық өмірді айтарлықтай өзгертуде. Әлеуметтік желілер мен гаджеттер отбасы мүшелерінің бір-бірімен тікелей қарым-қатынасын азайтып, виртуалды байланыстарды күшейтті. Яғни, аға буын мен жастар арасында осындай күнделікті өмірде дәстүрлі ұстанымдар мен инновациялық көзқарастар арасында қайшылықтарды жиі кездестіруге болады.
Отбасы институтының алдында тұрған тағы бір маңызды мәселе – құндылықтар дағдарысы. Ажырасу деңгейінің өсуі, некеге кеш тұру немесе мүлде үйленбеу үрдісі, бала туу көрсеткішінің төмендеуі қоғамды алаңдататын әлеуметтік құбылыстарға айналды. Бұл жағдайлар отбасы құндылықтарын жаңаша түсіндіруді және оларды заманауи өмірмен үйлестіруді талап етеді.
Қорытындылай келе, қазіргі қоғамдағы отбасы өзгеріс үстінде болғанымен, оның негізгі миссиясы – тұлға тәрбиелеу, мейірім мен жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері өз маңызын жоғалтқан жоқ. Заманның жаңа отбасылық құндылықтары, психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыруға, эмоциялық қолдау мен ашық қарым –қатынасқа, баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға және ортақ даму, өзін –өзі жетілдіру, рухани бірлік орнатуға назар аударуда. Қоғам өзгерген сайынотбасы да түрленуі заңды құбылыс. Сондықтан да, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, отбасы институтын сақтау және нығайту – қоғамның тұрақты дамуының басты кепілі болып қала береді.Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен қаржыландырып отырған AP26101317 «Қазақстанның оңтүстік өңірлері тұрғындарының гендерлік рөлдердің қалыптасуына мәдени құндылықтардың ықпалы: дәстүрлі және инновациялық көзқарастар» ғылыми жобасы аясында жүргізілген зерттеулер нәтижесі осы тұжырымдарды дәлелдей алады.
Қазіргі қоғамдағы отбасылық құндылықтар мен өзгерістерді үйлестіру үшін отбасындағы тәрбиеде дәстүрлі құндылықтар мен инновациялық (жаңашылдық) көзқарастарды ұштастыра білу әрбір ата-ана үшін өте маңызды. Қазіргі заманауи көзқараста қалыптасып келе жатқан жастарды сындырып алмай, оларға дәстүрімізді ұмыттырмай, жаңашылдықпен қатар алып жүруге тәрбиелеу қажет. Осы тұста тіпті, білім саласына арнайы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін арнайы пән енгізсе де, жастарды отбасын құруға даярлайтын орталық ашылса даартық болмайды деген ұсынысымызды жеткізгіміз келеді. Бүгінгі отбасының күші дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімінде жатыр. Сол үйлесімді сақтай алған отбасылар ғана уақыт сынынан сүрінбей өтеді.
Сыздыкова Макпал Бархияевна Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
