«Қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікірдің қаншалықты рас екенін анықтау үшін біз бұл мәселені жан-жақты қарастыруымыз керек. Бүгінде жастардың қолында ақпарат пен ойын-сауықтың сансыз түрлерін ұсынатын түрлі гаджеттер бар. Бұл кітап оқуға кететін уақытты қысқартады.
Ата-аналардың және қоғамның көзқарасы туралы айтатын болсақ. Егер ата-аналар мен қоғам кітап оқудың маңыздылығын жеткілікті түрде түсінбесе, бұл жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға кедергі келтіруі мүмкін. Мысалы қазіргі таңда жастардың бәрі кітап оқуды кері ағым деп түсінеді, керектің бәрін интернет желісінен іздемей-ақ тауып алам деп ойлайды. Бірақ қиналып көз майың таусылғанша кітап оқып іздеген ақпарат интернет желісінен алынған ақпаратқа қарағанда неғұрлым сіңімді болады. Сонымен қатар жастардың қызығушылығын тудыратын заманауи тілде жазылған кітаптардың тапшылығы да мәселе болуы мүмкін.
«Қазіргі жастар кітап оқымайды» деп айту – толыққанды тұжырым емес. Жастардың көпшілігі электрондық кітаптарды оқиды. Бұл – ыңғайлы және қолжетімді. Электронды кітаптардың танымалдығы бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында күннен-күнге артып келеді. Бұл құбылыстың бірнеше себебі бар: жеңіл, ықшамды және көп орынды қажет етпейді.
Бір ғана құрылғыға жүздеген кітапты жүктеп, кез келген уақытта, кез келген жерде оқуға болады. Электронды кітаптарды сатып алу немесе жүктеу оңай. Интернет арқылы бірнеше минут ішінде қалаған кітапты жүктеп алуға болады. Бағасы қағаз кітаптарға қарағанда әлдеқайда арзан, кейде тіпті тегін таратылады. Ал енді функционалдық мүмкіндіктер: электрондық кітаптар оқуды ыңғайлы ететін көптеген функцияларға ие. Мысалы шрифттің өлшемін, жарығын реттеуге, бет белгілерін қоюға, мәтінді іздеуге болады. Кейбір оқу құрылғыларында тілді аудару функциясы да бар, бұл шетел тілдеріндегі әдебиетті оқуды жеңілдетеді.
Бүгінде электронды кітапты заманауи тренд десекте болады. Жастар технологиямен бірге өскендіктен, электронды формат олар үшін әлдеқайда түсінікті және ыңғайлы. Әрине, қағаз кітаптардың да өзіндік артықшылықтары бар. Олардың иісі, парақтай отырып оқу, кітапханадағы орны – бұл барлық оқырман үшін маңызды. Дегенмен электронды кітаптардың танымалдығы – бұл уақыт талабы және оны жоққа шығару мүмкін емес.
Сондықтан, «қазіргі жастар кітап оқымайды» деген пікір шындыққа толықтай сәйкес келмейді. Жастар оқиды, бірақ олар оқудың жаңа форматтарын таңдауда. Кітап оқу мәдениетін дамыту үшін дәстүрлі әдістермен қатар, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет.
Нұрай ҚАБЫЛБЕК, М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің 1-курс студенті Жетекшісі: Лаура Ахметова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!