Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы ең ірі және беделді жоғары оқу орындарының бірі. 90 жылдан астам тарихы бар бұл университет білім беру, ғылым және инновация саласында үлкен жетістіктерге жетіп, халықаралық деңгейде мойындалған.
ҚазҰУ 1934 жылы құрылып, Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны ретінде елдің білім беру жүйесінің негізін қалады. Университетке 2001 жылы ұлы ғалым, ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімі берілді. Осы уақыт ішінде ҚазҰУ мыңдаған жоғары білікті маман даярлап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.
Қуатты Қазақстанды экономикалық өсімге жеткізетін – сапалы білім мен іргелі ғылым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек» – деген сөзін ҚазҰУ-нің ұжымы әр салада жүзеге асыруда. Университет 90 жыл бойы жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы бола отырып, түрлі салада білікті кадрларды дайындау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Бүгінде ҚазҰУ жетекші университет ретінде еліміздің экономикалық дамуына табысты үлес қосып жатыр.Қазіргі таңда ҚазҰУ базасында 7 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми зертхана, 34 ғылыми орталық пен 2 ұжымдық пайдалану зертханасы табысты жұмыс істейді. Университетте жалпы құны 36 миллиард теңгені құрайтын 400-ден астам жоба жүзеге асырылуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік кеңістікте мойындалған еліміздің жетекші университеті. Соның бірден-бір дәлелі ретінде – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қатысқан Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылғанындығын айтар едім. ҚазҰУ- дің Омбыдағы филиалы «Халықаралық құқық», «Қазақ филологиясы» және «Кеден ісі» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр мен магистрларды даярлайды. Болашақта қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Филиалдағы оқу үдерісін ұлттық университеттің профессор-оқытушылар құрамы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізеді. Алдағы уақытта шетелдік ғалымдарды тарту көзделіп отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жастарды біліммен, ғылыммен, рухани-тәрбиемен, инновациялық және өндірістік потенциалмен қамтамасыз ете алатын Республикалық деңгейде де халықарлық деңгейде де өзінің орны бар университет. ҚазҰУ білім мен тәрбиенің ошағы, қара шаңырақтан білім алған әрбір тұлға мемлекет болашағы. ҚазҰУ түлектері еліміздің түрлі салаларында табысты қызмет етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Болашақта университет өз дәстүрлерін сақтай отырып, жаңа белестерді бағындырып, әлемдік үздік жоғары оқу орындарының қатарынан орын алуға ұмтылады деп сенеміз.
Шахризада АҚМҰРАТ,
4 курс студенті,
Жетекші: Сансызбаева Г.Н. – дэн. әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ ЭБЖМ профессоры
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!