«Ақмешіт жастары» газетінен (№40, 7 қазан, 2021 жыл) Олимпиада чемпионы жалақыдан айырылды, пәтерден қуылды» деген хабарды оқып, Диас Бахраддин баламның тағдырына бей-жай қарай алмай, қолыма қалам алдым. Спорттағы сүреңсіз саясаттың құрбаны болған 18 жастағы Диас жеткізген мән-жайдың анықтығына еш шүбәм жоқ.
2018 жылы Аргентинада өткен жастар Олимпиадасында дамымай қалған спорттың байдарка және каноэ түрінен алтын медаль алып келген бойда Қырымбек Көшербаев ағасы үш бөлмелі үй берсе, облыстық денешынықтыру басқармасы 140 мың теңге көлемінде жалақысын тағайындайды. Бәрекелді!!! Табысына мастанбаған Диас өз-өзіне шүкіршілік етіп, тәубесіне келіп, Әбдіханифа мәсхабын ұстанып, бес уақыт намазға жығылады. Осы сәттен бастап Алланың ақ жолына бет бұрған Диасқа деген бапкері Диана Хазиева тарапынан салқындық басталады. Оның үстіне Еуропаға жарысқа барғанда тауық етін жегізбей, шошқа етін не оның салысын жеуге мәжбүрлейді. Бұлардың бәріне жас чемпион үзілді-кесілді қарсы болады. Ата Заңымызда азаматқа дін бостандығы берілетіні соқырға таяқ ұстатқандай айтылып тұр ғой.
Діни ұстанымына байланысты Диас баламызға жасалынған озбырлық ешқандай заңның шеңберіне, адамгершілікке жатпайды. Халықаралық, әлемдік деңгейде өтетін жарыстарға қатысатын, мұсылман елдерінен келетін жоғарғы лауазымды спорт шеберлерінің барлығы дерлік – ислам қағидаттарын ұстанғандар.
Демек, Диастың жеке жаттықтырушысының спорт немесе намаз деп екеуін қатар алып жүруге рұқсат бермеуін қалай түсінуге болады? Өзі айтқандай «намаз – спорттық мансабыма кері әсерін тигізбейді» – деуі оның жүрегінен шыққан жанайқайы.
Диастың пәтерін тартып алуы, Жалаңтөс Баһадүр атындағы Олимпиадалық резерв колледжінен оқудан босатуы (шығаруы) қандай заңдылықтар мен ережелер негізінде жүзеге асқан? Жас спортшының келешегіне балта шабатын бұндай әрекеттерге біреу жауап беру керек қой.
Олимпиада алтынының көк тиынға татымағанын, әкесі өмірден өзғаннан кейін үйдің асыраушысына айналғанын өкініш өксігімен айтқанмен, қиындықтардың артта қалатынына сенімінің зор екенін жасырмайды. «Бастысы, жігеріме құм құйылмаса деймін. Спорттағы осындай лас дүниелер кейде қынжылтады», – деп ренішін де жасырмайды.
Аталық ақылым: дегеніңнен қайтпа, көріп жатқан қиындықтарды қайрақ етіп, жігеріңді жани бер. Таза еңбекпен келген абырой сені әркез де өрге сүйрейді. Келешегің алдыңда. Өмірден белгісіз себептермен озған Мұстафа Өзтүрік әкеңнің өмір жолына үңіл.
Әріге бармай-ақ қазақтың тарихында «ауылдағының аузы сасық» деген қағидаттың жүзеге асып жататынына мысал көп. Бұндай келеңсіздіктер спорт саласында да жетіп жатыр.
Диас балам! Өзіңдей хас спорт шебері туған топырағында өз орнын табады. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол деген қағидатты есіңде сақта! Шетелге кетуге асықпа. Себебі, сені түсінетін, жәрдем беретін, ақиқаттың ақ жолын көрсететін, саған жасалынған әділетсіздіктің жауаптыларын табатын, заң аясында тәртіпке шақыратын арнайы мекемелер мен азаматтар бар. Сен мұңыңды «Ақмешіт жастары» газеті редакциясына барып жайып салыпсың. Дұрыс жасағансың! Ал газет редакциясы сол қалпында жариялап, елге жеткізді. Рахмет. Таралымы 9 мыңға жуық газет оқырмандары бұл мәселеге бей-жай қарамайтынына сенемін.
Өзімнің замандас ақсақалдарды, заңгерлерді, журналистер мен жас белсенділерді, студенттерді Диас тағдырына бей-жай қарамай, әділдік жолындағы табандылыққа шақырамын.
Қ.ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
ҚР «Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!