Фото: dalanews.kz
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында қамауға алынған көпбалалы ана әрі қоғам белсендісі Сандуғаш Тұрлыбекованың балалары анасын бостандыққа шығару үшін Тоқаевтан көмек сұрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталмыш фактіге қатысты Қызылорда облысы полиция департаменті мәлімдеме жасады.
“Аталған дерек бойынша Қызылорда облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр” деп қысқа қайырған ведомство Ulysmedia.kz жолдаған сауалға.
Кейін белгілі болғандай, көпбалалы жалғызбасты ана, белсенді 40 жастағы Сандуғаш Тұрлыбековаға «екі адамды бопсалады» деген айып тағылған.
Тұрлыбекованың балалары айыпты мойындамайтынын, ұстауды белсенділігімен байланыстырғанын мәлімдеп, мемлекет басшысы Тоқаевтан көмек сұрады.
Еске салайық, 6 наурыз кешке осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға «ханның қызы» деген тұрғын ұсталғаны мәлімделген болатын. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушыларының бірі жазған еді.
Белсендінің туыстары полиция Тұрлыбекованың тұрғын үйіне тінту жүргізгенін айтады. Ал Тұрлыбекованың қызы Шакизат Олжабай анасын ұстауға «дәлел және негіз жоқ» деп санайды.
«6 наурыз сіңлімнің туған күні еді. Үйде сіңлім, інім үшеуі болған. Кешке 20 шақты полицей үйге келіп, есікті сындырған. Осы кезде анам 3 жасар інімді құшақтап тұрған. Ана мен баланы айырып, інім мен сіңлімді далаға күштеп шығарған. Анамды 3 сағат бір бөлмеге қамады да, аудандық полиция бөліміне алып кетті. Адвокатты 7 наурыз түстен кейін ғана кіргізді. Біз – бес баламыз. Не істеу керек, білмейміз. Інім “Мамамды полиция әкетті” деп жылап жүр. Оны қалай жұбатарымызды білмей отырмыз. Анамның кінәсі жоқ, дәлел жоқ. Меніңше, бұл қолдан ұйымдастырылған іс. Қазақстанда белсенділерді қамау қалыпты жағдайға айналды. Қазақстандықтардан араша сұраймын» дейді белсендінің қызы “Азаттыққа” берген сұхбатында.
Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тұрлыбекова Қылмыстық кодекстің «Қорқытып алу» бабымен күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!