Қазіргі таңда интернет-алаяқтық киберқылмыстың ең қауіпті әрі кең таралған түрлерінің біріне айналды. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірін жеңілдетумен қатар, жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуына да жол ашты. Бүгінде қылмыскерлер ғаламтор мүмкіндіктерін пайдалана отырып, азаматтарды алдап, олардың ақшалай қаражатын, жеке деректерін және мүлкін заңсыз иемденіп отыр. Бұл мәселе тек құқық қорғау органдарының ғана емес, қоғамның ортақ алаңдаушылығына айналуға тиіс.
Интернет-алаяқтықтың басты ерекшелігі – жәбірленушінің қылмыскердің айласына алданып, өз еркімен ақша немесе құпия ақпаратты беруінде. Көп жағдайда алаяқтар адамның сеніміне кіріп, психологиялық қысым жасау, қорқыту немесе жалған уәде беру арқылы әрекет етеді. Сонымен қатар, қылмыскер мен жәбірленушінің бір-бірінен географиялық тұрғыда алшақ орналасуы, уақыт пен кеңістіктің бөлінуі алаяқтарға жасырын әрі жауапкершіліксіз әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне электрондық пошта арқылы жіберілетін жалған хабарламалар, әлеуметтік желілермен мессенджерлердегі фишингтік сілтемелер, банк қызметкері ретінде қоңырау шалу, жалған инвестициялық жобалар, криптовалютаға қатысты алаяқтық, сондай-ақ сенімге негізделген алдау әрекеттері жатады. Мұндай қылмыстардың салдарынан азаматтар ірі көлемде қаржылық шығынға ұшырап қана қоймай, жеке деректерінің таралуы арқылы екінші мәрте зардап шегуі мүмкін.
Осы өзекті мәселе 2026 жылдың 23 қаңтарында Қызылорда қаласында өткен «Аймақтағы кибералаяқтарды азайту мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстелде жан-жақты талқыланды. Аталған іс-шара Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге құқық қорғау органдарының, прокуратура мен полиция қызметкерлерінің, Ұлттық банк өкілдерінің, киберқылмыспен күрес басқармасының, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылар мен студенттері қатысты. Бұл түрлі сала өкілдерінің басын қосқан мазмұнды әрі маңызды жиын болды.
Іс-шара барысында өңірде жиі кездесетін интернет-алаяқтық түрлері, олардың жасалу тәсілдері және алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтыққа ең жиі ұшырайтын әлеуметтік топтардың қатарына егдежастағы азаматтар мен студент жастар жатады. Бұған олардың цифрлық технологияларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын толық білмеуі, интернеттегі сақтық шараларына жеткілікті мән бермеуі және жалған ақпаратты ажырата алмауы негізгі себеп болып отыр.
Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар киберқауіпсіздік, жеке деректерді қорғау, банк карталарын пайдалану кезінде сақтық шаралары, онлайн алаяқтықтың алдын алу жолдарына қатысты нақты әрі өзекті сұрақтар қойды. Өз кезегінде сала мамандары тәжірибеден алынған нақты мысалдар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға пайдалы кеңестер берді.
Сонымен қатар, жиын барысында қоғамда киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрдежүргізудің және халықтың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Мамандардың пікірінше, интернет-алаяқтықтың алдын алуда тек техникалық шаралар жеткіліксіз, ең бастысы – азаматтардың жеке жауапкершілігі мен сақтығы.
Шара қорытындысы бойынша депутаттарға бірқатар нақты ұсыныстар жолданды. Атап айтқанда, киберқылмыспен күрес басқармасының жұмысын күшейту мақсатында штат санын арттыру және әр аудан деңгейінде бөлімшелер ашу ұсынылды. Бұл халыққа жақын әрі жедел қызмет көрсетуге мүмкіндікбереді.
Осы орайда, банк секторы, ұялы байланыс операторлары және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды заңнамалық деңгейде күшейту, күмәнді қаржылық операцияларды дер кезінде бұғаттау және алаяқтық белгілері бар байланыс нөмірлерін жедел шектеу тетіктерін жетілдіру ұсынылды. Сондай-ақ кибералаяқтыққа қарсы қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізіп, жауапкершілікті күшейту және заманауи киберқылмыстүрлерін ескеретін өзгерістер енгізу қажеттігі атапөтілді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік жәнеқұқық қорғау органдарының өкілдері өңірде тіркеліп отырған кибералаяқтық фактілері, олардың пайда болу себептері және қылмыстың бұл түрімен күресу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы нақты мәліметтер ұсынды. Алдағы уақытта жауапты органдармен бірлескен профилактикалық шараларды күшейту, халық арасында түсіндіру кездесулерін жиіөткізу және ақпараттық материалдар тарату қажеттігіайтылды.
Мамандардың ортақ пікірінше, кибералаяқтықпен күрес тек мемлекеттік құрылымдардың міндеті емес. Әрбір азамат жеке деректеріне жауапкершілікпен қарап, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуі, белгісіз сілтемелерді ашпау және қаржылық ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу арқылы ғана бұлқылмыс түрінің алдын алуға өз үлесін қоса алады. Тек қоғам болып бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана интернет-алаяқтық қатерін азайтуға мүмкіндік бар.
Жақсыгүл ОРАЗАЛИЕВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!