Оқу жылы да аяқталды. Демек кешкі серуен көбейіп, жастар да жиі бас қосады деген сөз. Тіпті кәмелет жасқа толмағандар беймезгіл уақытта сыртта жүреді. Тәртіпке бағынбағаннан кейін төтеннен топтық төбелес пен кикілжіңге тап болатыны содан. Мұндай оқыс оқиға оңынан шешілсе жақсы.

Егер іс насырға шапса сойқанды салдары сан соқтыруы ықтимал. Түнгі мезгілде тынымсыз жүретіндер бақылауды көрсе жапатармағай қаша жөнеледі. Бұл жастық дәуреннің қызықты күндері саналғанымен, қауіпсіздікті де ойланған жөн. Сайып келгенде көшеде, ойын-сауық орындарында бей-берекет жүру қоғам берекесін алып, тыныштықты бұзады. Ойынның соңы өліммен аяқталатын жағдайлар емес. Қылмыс осындай ұсақ-түйектен пайда болатынын ескерсек, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қадағалау өте маңызды. Осы тұста қалалық Полиция басқармасының ювеналды бөлімшесі жұмыс жоспарына сәйкес 7-9 маусым аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізбек.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмысты ескерту және оның алдын алу. Білім беру ұйымдарының оқушылары арасындағы құқықбұзушылықтардың жолын кесу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу болып табылады.

Қала көлемінде жасөспірімдер арасында қылмыстың жасалуына жол бермеу мақсатында кәмелетке толмағандардың жүріс тұрыстарына бақылау жүргізілмек. Қылмысқа бейім, тәртібі қиын балалар полиция органдарының есебіне алынады.

Тәртіп сақшыларының жүйелі жұмысы дабыра болар дауды азайтып, жастарды жаңсақ қадам басудан сақтайтыны сөзсіз. Заңды өкілдерінің рұқсатынсыз түнгі уақытта сайран салатындар тәртіптің ығына жығылады деп сенеміз.

Ювеналды полиция бөлімшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!