Фото: Freepik
Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас жүрген 9 мыңнан аса адам жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
ІІМ мәліметінше, көптеген құқықбұзушылық дәл осы алкогольдің кесірінен болады.
«Биыл облыс аумағында мас күйде жасалған 610 қылмыс тіркелді. Қоғамдық орындарда алкоголь ішкен, аулада, кіреберісте, аялдамада және саябақтарда мас жүрген адамдар туралы 5822 рет 102 нөміріне қоңырау шалынды. Бір тәулік ішінде осындай 36 хабарлама тіркелді», – деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызмет өкілі.
Мәселен, Торайғыров көшесіндегі үй тұрғыны бесінші қабаттағы кіреберісте мас адам жатқанын хабарлады. Сол секілді М.Жүсіп көшесіндегі үй маңынан тағы бір мас адам табылған. Полиция қызметкерлері бұл адамдарды уақытша бейімделу және детоксикация орталығына жеткізіп, кейін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сол күні академик Шөкин көшесінің тұрғындары кіреберістің маңында мас адамдар төбелескелі жатыр деп хабарлаған. Полицейлердің жедел келуі арқасында бұзақылықтың алды алынды. Мас күйінде қоғамдық орында жүргендері үшін кінәлілер әкімшілік жазаға тартылды.
Қоғамдық орындарда ішімдік ішкені және мас күйде жүргені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке дейін артады.
Айта кетейік, азаматтар мас күйде жүргендер туралы 102 нөміріне немесе Police 102 мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!