Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін аса қауіпті әлеуметтік-саяси құбылыс. Ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендетіп, экономикалық бәсекелестікке зиян келтіреді, халықтың билікке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жазалау емес, оның алдын алу, қоғамда адалдық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы жою маңызды.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында (2015 жылғы 18 қарашадағы № 410) қоғам дерті саналатын сыбайластықтың алдын алу мен оған қарсы мәдениет қалыптастыру қажеттілігі жан-жақты қарастырылған. Осы заңның 9-бабында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы ұсынылған. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда мұндай іске төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі екені атап көрсетілген. Нақтыласақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асады. Олай болса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру – тұлғаның адамгершілік, зияткерлік, мәдени тұрғыдан дамуы және сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудағы белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын, тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз процесі болуға тиіс. Ал көзделген мақсатқа жетудің бірден-бір жолы − ақпараттық және ұйымдастырушылық қызметті жүйелі ұйымдастыру, сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызды іс-шараларды ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және елдегі заңнамада көзделген өзге де шараны жүзеге асыру.
Әрине қоғам дерті саналатын сыбайластықты тоқтату бір күннің, бір жылдың еншісіне сыймауы мүмкін. Дегенмен қоғам болып қолға алсақ, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ. Сондықтан ел болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл шараларын жүйелі ұйымдастыру өзекті болмақ. Ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі күн тәртібінен түспегені абзал.
Жемқорлықтың алдын алу ең алдымен әр азаматтың жеке ұстанымынан басталады. Адал еңбек ету, заңды сақтау, әділдік қағидаттарын ұстану – кез келген қоғам мүшесінің басты борышы. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы қызметкерлерімен осы бағытта жүйелі түрде түрлі ақпараттық-түсіндіру және тәрбиелік шаралар ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, жастар мен студенттік бірлестіктер арасында «Адалдық менен басталады» акциясының аясында флешмобтар, пікірталас және шығармашылық форматында түрлі іс-шара өтті. Сонымен қатар облыстағы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдардың жас қызметкерлерімен кездесулер мен семинарлар, дәрістер ұйымдастырылды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жастардың бойында адалдық, әділдік, жауапкершілік қасиеттерін дамыту.
Мұндай іс-шаралар қоғамда парасаттылық құндылықтарын нығайтып, азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе жастармен жұмыс істеу – болашақта жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасты қалыптастырудың тиімді жолы.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырғанда ғана әділ әрі дамыған қоғам құра аламыз. Сыбайлас жемқорлық көріністері орын алған жағдайда, «1424» сенім телефонына хабарласуға болады.
С.КУАНЫШБАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу
басқармасының бас маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
