Фото: gov.kz
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің қолға алған мәселесінің бірі. Оның алдын алу үшін атқарылған жұмыс аз емес. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам. Саламатты өмір – парақорларсыз өмір. Мықты мемлекет – жемқорларсыз ел. Ата-бабаларымыз да «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар би-шешендердің өмір жолынан, тарихтан білеміз.
Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменімен алысумен пара пар. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынына куә болуы керек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздеріне қарсы, құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білуі қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының, әрбір сала қызметкерлерінің азаматтық борышы және адамгершілік міндеті деп білуіміз керек.
Архив ісі саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 29 мамырдағы бұйрығына сәйкес архив саласындағы қызметкерлерде осы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметке сәйкес архив кеңсесінде тұтынушылар үш жағдайда сұранысын орындай алады. Біріншісі қызмет алушылар архив кеңсесіне келіп, өзіне қызмет көрсету бұрышынан ала алады, е-gov.КZ электрондық веб- порталы арқылы және ХҚКО ақпараттық жүйесі арқылы ала алады. «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып жұмғанша, жылдам хабар алғызды» деп Ыбырай Алтынсарин өлең жолдарына қосқандай, осы порталдарды Қазақстанның кез келген аумағында отырып қолдана алады. Сонымен қатар біздің өңірде қызмет атқарып, кейіннен шет елдерге көшіп кеткен отандастарымыздан, атап айтсақ Ресей, Украина, Қырғызстан, басқа да ТМД елдерінен сұраныстар келіп түсуде. Бұл сұраныстардың жауабы азаматтың құқықтық және заңдық мүдделерін қорғау үшін оларға архивтік анықтама мен құжаттардың көшірмелері немесе архивтік үзінділер 11 жұмыс күн ішінде жіберіледі.
Осы е-gov.КZ электрондық веб-портал арқылы сұраныстарына жауап алу жылдам әрі ыңғайлы екенін түсінген тұтынушылар саны күн сайын артуда. Оған дәлел 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында 677 сұраныс түсіп, оның 368-і қанағаттанарлық жауап алса, үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айында 1175 сұраныс түсіп, оның 711-іне қанағаттанарлық жауап беріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда сұраныс екі есеге артқан. Бұған себеп 1961-1963 жылдарда туған азамат пен азаматшалардың биылғы зейнетке шығуы. Сондай-ақ ол кісілер қызмет өтілі кезіндегі еңбек кітапшаларындағы мөртабанның анық көрінбеуі және аты- жөндерінің дұрыс толтырылмауына байланысты архив қызметіне көптеп жүгінуде.
Жемқорлық – жауапсыз адамдардың жолы, ол ел болашағына, келер жас ұрпаққа төнген орасан зор қауіп. Ұрпағымыздың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, болашағын жемқорлықсыз, жарқын ету өз қолымызда!
М.ҚҰЛТАСОВА,
«Қызылорда облыстық мемлекеттік
архиві» КММ-ның «Қызылорда қалалық
архиві» филиалы архивисі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!