Спорт әлемінде «бокс – тек білекті ерлердің еншісіндегі іс» деген қағида ұзақ уақыт үстемдік құрды. Алайда уақыт өте келе бұл түсініктің негізсіз екеніне көзіміз жетті. Бүгінде алаңда өнер көрсететін арулар физикалық күшті ғана емес, сонымен бірге ақыл-ойдың ұшқырлығын, темірдей тәртіп пен қайтпас қайсарлықты паш етуде. Солардың бірі – біздің батыл кейіпкеріміз Іңкәр Қуанышқызы.

Іңкәр – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 2-курс студенті. Болашақ тілші Сыр елінің намысын қорғап, бокс әлемінің шыңын бағындыруға да ұмтылып жүр.

Іңкәрдің бұл спортқа қызығушылығы 13 жасында бастаған. Теледидардан спортшылардың рингтегі тартысты өнерін көрген Іңкәр алдына мақсат қойды. Әкесі оны және інісін Астанадағы «Толқын» спорт кешеніне ертіп апарды. Алайда ондағы бапкер секцияда тек ұлдар жаттығатынын айтып, інісін алып қалып, Іңкәрді үйіне қайтарады. Бірақ қайтпас мінезді қыз мойымай, інісімен бірге жаттығу залына баруын тоқтатпады. Күндердің бір күнінде оның табандылығын байқаған бапкер: «Неге бос отырсың? Бәрімен бірге жүгірсеңші!» деп үміт отын жағады.

Қолғап киген қайсар қыз

– Нағыз спорттың дәмін енді сезе бастағанда отбасым қарсылық танытып, мені секциядан шығарып алды. Бірақ үйдегілерге айтпай жаттығуға бара беретінмін. Кейін бокстан толық бас тартуыма тура келді. Мектеп бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті атанған соң, дене шынықтыру пәнінен спорт таңдау мүмкіндігі туғанда, таңдауым еш ойланбастан тағы да боксқа түсті, – дейді Іңкәр.

Кейін Іңкәр қаламыздағы «Тарлан» бокс клубының мүшесі атанды. Алғашқы үлкен сынақ Ақтау қаласында өткен Қазақстан бокс федерациясы кубогының республикалық іріктеу кезеңі еді. Қызылорда құрамасынан екі қыз және жеті ұл аттанды. Бұл жарыста Іңкәрға 6 келі салмақ тастау қажет болды. Бір жағынан тұмау, екінші жағынан салмақ қуу спортшыны әжептәуір әлсіретіп жіберген еді. Бойында қорқыныш та болды. Жеребе тартылып, есімі тізімге шыққанда Іңкәр өзін жайсыз сезінгенін жасырмайды. Күнделікті таңертең салмақ өлшеу, артық ас ішпеу – мұның бәрі үлкен төзімділікті талап етеді. Жарыс қорытындысы бойынша кейіпкеріміз жақсы өнер көрсетіп, бапкерінің қолдауымен командалық есепте екінші орын иеленді.

Әрине, алғашында «Бокс қыз баласына керек пе?», «Бірінші жарысынан кейін-ақ қашып кетеді» деген секілді пікір көп болды. Бірақ бұл сөздер кейіпкеріміздің сағын сындыра алмады. Керісінше, өзін дәлелдеуге күш берді. Сырт көз спортшының жан дүниесіндегі сезімді, еңбекті көрмейді, тек сынайды. Ал спортта жүрген жан үшін әрбір талпыныс үлкен жеңіске әкеледі. Іңкәрдің жолында да оған қолдау көрсеткен жандар аз емес.

Қолғап киген қайсар қыз

– Спортта үлгі тұтатын тұлғам – Азия чемпионы Гүлсая Ержан. Ақтаудағы алғашқы жарысымда мені қолдап, ақыл-кеңесін айтып, әрдайым жанымда болған әпкем десем де болады. Қазірдің өзінде бір-бірімізді көрсек қуанып қаламыз, – дейді Іңкәр.

Сұхбат барысында бапкері Берікбай Бекжановты да сөзге тарттық.

– Іңкәр әр кезең сайын өсіп келеді. Әр жарыстан жаңа тәжірибе жинауда. Қазіргідей қарқынды бәсеңдетпей, дайындықты үзбесек, шәкіртімнің бағындырар шыңы көп. Оның бойында шыдамдылық, күш-жігер және еңбекқорлық бар, – дейді ол.

Іңкәр боксты бар болмысымен жақсы көреді. Әңгімелесу барысында ол бокстың өзін рухани жағынан мықты етіп, жаңа әлемге жол ашқанын айтты. Ринг оған алға мақсат қоюды, табандылық пен еңбекқорлықты үйретті. Біздің кейіпкеріміз қазір де спорт биігін бағындыруға қарышты қадаммен ұмтылады. Ендеше, Іңкәрға сәттілік тілейміз.

Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!