2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда банк шоттарынан қолма-қол ақша алудың жаңа тәртібі күшіне енді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Былтыр Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен қаулы қабылдады. Соған сәйкес кәсіпкерлер белгіленген шектен артық қолма-қол ақша алған жағдайда ақша алуының мақсатын түсіндіруге міндетті.

Жаңа ереже кімдерге қатысты?

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді және:

  • заңды тұлғаларға;
  • жеке кәсіпкерлерге қолданылады.

Алайда қолма-қол ақша алуға қатысты шектен ресми түрде босатылғандар бар, олардың тізімін Ұлттық банк жеке бекітеді.

Ай сайынғы шек 

Ұлттық банк бекіткен шектеулер:

  • шағын бизнеске – айына 20 миллион теңгеге дейін;
  • орта бизнеске – 120 миллион теңгеге дейін;
  • ірі бизнеске – 150 миллион теңгеге дейін.

Ақшаны қалай шешуге болады?

Белгіленген шек бойынша

Кәсіпкер банкке өтініш жолдайды, банк ақшаны қалыптасқан тәртіппен береді.

Шектен асқанда

Белгіленген мөлшерден артық сома қажет болса, кәсіпкер:

  • қолма-қол ақша алу мақсатын құжаттармен дәлелдеуге тиіс (шарт, шот, тізім, сатып алу актісі, инвойс, смета, бұйрық және т.б.).

Тексеріс қалай өтеді?

Шектен асқан жағдайда банк келесі жұмыс күні сағат 10:00-ге дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне:

  • өтінішті,
  • артық сома көлемін,
  • мақсатын,
  • компания деректерін,
  • құжаттарды,
  • келісімді жолдайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті келесі жұмыс күнінің аяғына дейін:

  • қауіп болса, ақшаны беруден бас тарта алады;
  • қауіп болмаса, ақшаны беруге рұқсат етеді.

3 жұмыс күні ішінде жауап болмаса, банк ақшаны беруге міндетті.

Тексеріс нәтижесі 1 ай бойы жарамды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!