Жол жөндеу жұмыстары. Көрнекі фото: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі
Ақтөбе облысында тұрғындар тасжол сапасыз салынғанына наразы – жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен жүздеген миллион қаржы бөлінгеннің өзінде жол үгітіліп, қирап жатыр. Телеарна ақпараты бойынша сапасыз салынған тас жолды тіпті қолмен сындыруға болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданы тұрғындары қирап жатқан тас жолды видеоға түсіріп алған. Бұған дейін мұнда Жұрын станциясы мен Орқаш ауылы арасындағы ұзындығы 15 шақырым учаске жөндеуден өткен. Жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 700 миллион теңге бөлінген.
Видео авторы тасжол бір күн бұрын төселгенін алға тартты. Бірақ жөндеу жұмыстары енді аяқталғанымен, жаңа салынған асфальт үгітіліп, кей бөлшектері сынып жатқанын айтты.
Аудан әкімдігі тасжол сапасыз жөнделгенін растады. Осылайша шенеуніктер нысанды пайдалануға әлі қабылдамағаны анықталды. Салдарынан әкімдік мердігерді тасжол кемшіліктерін түзетіп, оны айыппұл төлеуге міндеттеу үшін сотқа жүгінген.
«Кемшіліктер ауа райы қолайсыздығы ескеріле отырып, уақытылы жойылады. Жұмыстар мердігердің қаражаты есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қадағалау үшін әрі анықталған кемшіліктерді жою мақсатында техникалық бақылауға хат жолданды», – деді Мұғалжар ауданы әкімі Бекболат Құлмағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!