Түркістан облысында ұзақ уақыт бойы ағасының қолында еңбек құлдығында болған апалы-сіңілі қыздардың жағдайы туралы бірінші дабыл қаққан сыныптастарына қажылыққа жолдама мен үй берілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Түркістан облысының тұрғындары Гүлсімжан Әділжанова мен Айша Мұстафина 11 жыл бір партада отырған сыныптастарының жай-күйіне алаңдап, «Көреміз» бағдарламасына жүгінген еді. Олар сыныптастарын туған ағасы еңбек құлдығына жеккенін айтқан болатын.

Адам танымастай өзгерген Назгүл мен Құндыздың сыныптастарына қайырымды жандар Меккеге жолдама сыйлады. Бұл туралы блогер Илияс Сариев әлеуметтік желіде жариялады.

«Сіздер үлкен жақсылық жасадыңыздар. Қазіргі заманның батырларысыздар. Назгүл мен Құндызға жақсылық жасаған сыныптастарына @m_m.travel_official компаниясының атынан умраға жолдама берілді», – делінген жазбада.

Желі қолданушылары қыздарды ең бірінші даладан көрген Пернебек есімді сыныптасының да еленуін сұраған.

«Дұрыс болған екен. Қыздарға рахмет. Бірақ Пернебек айтпаса қыздар білмес еді ғой», «Пернебек те ескерусіз қалмасыншы», «Негізінде Пернебек қой себепкер болып тұрған», «Пернебектіде ескеріп қояйық, мына қыздарға Алла разы болсын», – деп жазды олар.

Кейін Илияс Сариев қыздардың Пернебек есімді сыныптасына пәтер берілгенін жазды.

«Құндыз бен Назгүлдің жағдайын халыққа жеткізген сыныптасы Пернебекке Алланың қалауымен «Елге көмек» қайырымдылық қорының атынан баспана берілді», – дейді ол.

Еске салайық, Түркістан облысында апалы-сіңілі қыздар ұзақ уақыт бойы еңбек құлдығында болғаны хабарланған еді. Бұл жағдайды қыздардың сыныптастары «Көреміз» бағдарламасына айтқан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!