Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде әскери дайындық бағдарламасынан өткен және жазғы оқу-жаттығу жиынын сәтті аяқтаған студенттер әскери ант қабылдады.
Салтанатты шарада ерекше белсенділігімен көзге түскен білім алушыларға алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, әскери кафедраның жеке құрамы салтанатты маршпен өтіп, взвод, рота әндері шырқалды.
Шара барысында Ректордың міндетін атқарушы – Стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Нұрлан Уразбаев әскери ант қабылдау маңызы зор құқықтық және саяси-тәрбиелік шара екенін атап өтті.
Ал 1-ші оқу взводының командирі, студент Әділет Темірбеков жаңа әскери білім мен дағдыға ие болғанын және болашақта запастағы лейтенант әскери атағын алуға мүмкіндік алғанын айтты.
– Әскери кафедрада екі жылға жуық уақыт білім алдық. Осы уақыт ішінде жауынгерлік атыс жаттығулары, жауынгерлік техниканы жүргізу бойынша практикалық жаттығулар өттік. Тактикалық жаттығулар, дене дайындығы бойынша нормативтер орындалды. Оқу-жаттығу алаңында болып, әскери шеберлікті шыңдадық, – деді Әділет Темірбеков.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрамындағы әскери кафедра 2000 жылы құрылды. Кафедра ҚР Қарулы Күштерінің офицерлік және сержанттық лауазымдарын жасақтау мақсатында білім алушылар қатарынан әскери оқытылған резервті дайындап келеді. Осы уақыт аралығында 3 мыңға жуық студент әскери дайындық курсын тәмәмдады.
Қорқыт ата атындағы Қызылордауниверситетінің медиа орталығы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!