Біздің заманымызға дәстүрлі өнердің шығармашылық жолы арқылы жеткен Қорқыттың қара қобызы мен мазмұны терең күйлері қазақ халқының руханият тарихында мән-мағынасы бай мұралары, Қорқыт ата туралы зерттеушілердің ой-түйіндемелерінде қамтылған. Себебі Қорқыт шығармашылығының дәстүрлі өнерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші рухани тұлғалар абыз-жыраулар, бақсы-балгерлер, күйшілер мен жыршылардан құралған. Тіпті оны халыққа жеткізу барысында пайдаланылған қобыз аспабының тылсым сыры да мол. Бұл саз өнерінің адам тәрбиесі үшін басты құрал болғанын дәлелдейді.
Қобыз – қазақ халқының ғасырлар сырын жетелейтін киелі аспаптардың бірі. Музыка өнерінің тууы Қорқыт есімімен тығыз байланысты. Қорқыт қобызға алғаш тіл бітіріп, үнін күй етіп сөйлеткен өнер иесі, күй атасы.
Қорқыттың қобыз аспабын ойлап табуы жөнінде мынадай аңыз айтылады: «Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнай алған. Алайда ол адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, жүз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан болашақ аспаптың жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай қалай, не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне бір кісі енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.
Қарағайдың түбінен,
Қайырып алған, қобызым.
Үйеңкінің түбінен,
Үйіріп алған қобызым.
Желмаяның терісін,
Шанақ қылған, қобызым.
Ортекенің мүйізін,
Тиек қылған, қобызым.
Бесті айғырдың құйрығын,
Ішек қылған, қобызым.
Құлағыңды бұрайын,
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын, – деп қобызды қолына алған кезде, аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң – бәрі тоқтай қалып тыңдапты.
Ежелден қобыз аспабын кие дарыған адамдар тартқан. Сыры мен қыры мол аспапты жыраулар мен абыздар, ұзандар мен бақсылар ғана қолданған.
Қобыз тағдыры бақсылардың тағдырымен бірге. Қазақ даласына тарай бастаған ислам дінінің ең алғашқы қарсыласы да қобыз аспабы болыпты деген болжам бар. Сол кездегі қобыз – тәңірлік діннің өкілі, бақсылардың ажырамас аспабы еді. Бел алған ислам дінінің өкілдері ең алдымен тәңірдің жердегі елшісі – бақсыларды қудалаған.
Бұл жөнінде әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы Әлкей Марғұлан былай деп жазады: «Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ – ХІХ ғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді». Рашид әд –Диннің «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») еңбегінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «қыпшақ» сөзімен төркіндес екендігі айтылады.
Қазақ халқының ислам дінінен бұрын ғасырлар бойы шаман дінін ұстанғанын тарихтан жақсы білеміз. Сол шаман дінінің қалдығы ретінде біздің заманға жеткен ерекше бір құбылыс – бақсылық. Шаман мәдениетіндегі бақсылық жайында ХVІІІ-ХІХ ғасырларда П.Паллас, П.Рычков, Д.Банзаров, Ш.Уәлиханов, Т.Карлейль, Г.Потанин, Ф. Поярков, Ә.Диваев, Б.Досымбеков сынды ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізсе, Кеңес үкіметі заманында И.Чеканинский, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев секілді ғалымдар тұшымды еңбектер жазды. Көкше бақсы, сары Салтық бақсы, Көкем бақсы, Көсе бақсы, сонымен қоса, Қойлыбай, Балақай, Сүйменбай, Танабай, Беркімбай, Сіләмбек, Нышан абыз сияқты атақты арқалы бақсылар Қорқытты өздеріне ұстаз тұтқан. Қорқыттың күй сазы тек қазақ халқында ғана емес, туысқан халықтың көпшілігінде кездеседі. Сондықтан да ғасырлар түкпірінен философиялық сыр шертетін Қорқыттың музыкалық мұрасы- түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына.
Қобыз аспабы Кеңес кезеңі тұсында да көптеген қудалаушылық көрген. Бақсы аспабы деп, ойнауға тыйым салынған аспап. Дегенмен де өнер адамдары, халықтың арқасында ХХ ғасырдың 70 жылдарында қайтадан жаңғырған.
Табиғаттың қайталанбас дыбыстарын айна қатесіз бере алатын бұл аспаптың әлі күнге дейін жұмбағы көп. Оның даусы қасқырдың ұлығанын, адамның даусын, желдің ысқырғанын, жебенің нысанаға тық етіп тигенін, аққу қанатының қағысын, судың сыңғырын бере алады.
Қобыз аспабының бірнеше түрі кездеседі. Соның ішінде бүгінде қылқобыз – ерте заманнан келе жатқан екі ішекті ысқышпен ойналатын аспаптың бірі. Қылқобыздың ішегі жылқы қылынан жасалады. Сондықтан бұл аспап халық арасында қылқобыз атауымен танымал.
Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нарқобыз», «жезқобыз» деп аталатын түрлері де бар. Әбден көз таныс болған, өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ал одан дыбыс ысқыш арқылы шығады және сол себепті қылқобыз ыспалы аспаптар тобына жатады. Қыл қобыздың ішіндегі ең үлкен түрі – нар қобыз. Шанағының үлкен болуына байланысты дауысы зор әрі жуан болып келеді. Боздаған нар түйенің дауысына ұқсайды. Нар қобызды тартқанда оның зор үні талай жерге дейін естіледі. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, нар қобызды бақсылар тәңірмен тілдескенде, жын-перілерді қашырғанда және өзге де діни рәсімдерде пайдаланған екен. Сондай-ақ аспап жаугершілік замандар мен әскери салттарда ұрандату, атой салу, рух беру мақсатында қолданылған.
Қазақ халқы қобыздың ерекше үнімен қоса, пішініне де зор мән берген. Әсіресе, қасиетті аспапты аққу құсына ұқсата жасаудың өзіндік бір ерекешелігі бар. Қазақтар аққуды қастерлеп, кие тұтып, өздерінің тотемі еткені белгілі. Академик Әлкей Марғұлан да қобыз бейнесін аққуға ұқсата жасаудың негізгі себептерінің бірін осы құстың киелілігімен байланыстырған. Осындай аққу бейнесі салынған қобыз аспабының бірі 2012 жылдан бері «Қорқыт ата» мемориалды музейінің қорында сақтаулы.
Сырдың бойы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркі халықтарының бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған ескерткіш архитектуралық кескінімен ерекшеленеді. Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік- батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын төбешік үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында, сол кезеңдегі ауданбасшысы Елеу Көшербаев кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соныңнәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ә.Ибраев пен физик-акустик С.И.Исатаевтың жобасымен тұрғызылды. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалды кешенге айналды. 2000 жылы кешен жанынан музей ашылды. Музей экспозициясында Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы мәліметтер беретін материалдар қамтылған.
Кешен аумағындағы қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінде түйіскен қобыз бейнесіндегі он екі метрлік стела төрт тарапқа қаратып тұрғызылған. Оның түйісер түбіндегі орталығына 40 металл түтік орнатылған. Олар жел соққан кезде қобыздың сарынымен үндес дыбыс шығарады. Бізге жеткен аңызда Қорқыт ата дүниеден өткеннен кейін, мазарының жанына қойылған қобызынан желдің күшімен ертелі кеш әдемі әуендер естіліп тұрғаны айтылады. Осы аңыздың түбі ақиқат екенін ескеріп желге үн қосатын қобыз бейнесіндегі ескерткіш Қорқыт ата жерленген жер – Сыр бойында бой көтерген.
Бүгінде қобыздың үнімен қарсы алатын Қорқыт ата мемориалдық кешені тек қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да қызығушылығын туғызатын қасиетті орын.
Қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазына мүлкі, эпостық және аспаптық өнерді күні бүгінге дейін сақтап жеткізуші мұра болып саналатын қобыз аспабы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары анық.
Қобызды айтқанда, оны алғаш жасаушы мен кейінгі таратушыларды да ой-пікіріміздің арқауы етуіміз керек. Олар біртуар таланттар, ғұлама өнер иелері, өз туындылары арқылы өз дәуірінің тарихын музыка тілімен жеткізген ақындар мен күйшілер. Солардың бірі әрі бірегейі, күй атасы – Қорқыт.
О.БЕГАЛИЕВ,
Қорқыт ата мемориалды музейінің ғылыми қызметкері,
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!