Қолынан ұстаған күйі оның жанарына тіке қарап тұрды. Отты жанары алабұртқан ақ сезімді жүрегінің төрінен жұлып шығып, базынасын айтып тұрғандай еді…
– Шынымен бе? – деді жанары жәудіреген күйі.
Мөлдір махаббаттың, ақ сезімнің әлеміне еніп, дел-сал күйге түскен Марат осынша шынашақтай қыздың алдындағы дәрменсіздігін енді ғана байқағандай. Ол үшін мына ғаламның, өмірдің, айнала қоршаған ортаның ешбірінің мәні де қалмады. Ақшақар деп еркелеткен әдемісінің әлемінің осыншалықты кір шалғанын біліп пе?! Санын соғып, Титовтан титықтаған күйі үлкен жолдың бойына шықты да түнгі қаланың көрінісін қақ жарып, үйіне қайтып келеді.
Әлі есінде… Олар ең алғаш рет қыстың алғашқы қарында кездескен-ді. Аяғының астына жауған ақ мамық ұлпа қарды таптауға қимай, екеуі бір-бірінің қолынан ұстап, бір-біріне қарап, ақ қардың үстінде ақ сезімін тудырған-ды. Қызылорданың аспанынан жауған ұлпа қар олардың кіршіксіз сезіміне, ақ махаббатына куә болып тұрды. Әйгерімнің Абай сүйген Тоғжаннан, Төлеген сүйген Жібектен, Мәжнүн сүйген Ләйліден бір мысқал да кем емес екені көрініп-ақ тұрған. Сүйріктей саусақтарынан ұстап тұрған Марат Әйгерімнің айдай ажарына, жібектей мінезіне, көркемдігіне, сұлулығы мен ақылдылығына тәнті болды. Осылай алғаш рет махаббат оты тұтанған. Сол түні… Иә, иә, сол түні олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі оянып, үміт сәулесін жарқырата түскен болатын.
Жанарынан сәуле көріп, әр күні, әр түні сол сәулеге ынтыға түскен Мараттың сезімінде шек жоқ еді. Досы Қанатты ертіп алып, талай рет қаланың арғы басына ат терлетіп барып келді. Аузынан шыққан әрбір тілекті қағып алып орындауға бар-тын.
Ақпанның ақырып тұрған аязды күні еді… Қанатты ертіп алды да, Әйгерімнің үйіне тартып отырды. Таксиден түсіп қалып, трансформатордың қасында қалған Қанат екі сағат бойына тоңазыған аяқты бір-біріне қаққан күйі жаурап тұрды. Ал Марат пен Әйгерім құшақтасқан күйі бір-бірінің лебімен бет қарыған аяздың ызғарын да сезбей тұратын. Онысын көрген досы талай рет өкпе-назын айтқан. Бірақ, бір-бірін сүйген қос ғашықтың бақытты шақтарын көргенде оның да бойы жылып сала беретін. Иә, талай бақытты күндер шаттықты түндерге жалғаса берді. Осылай жыл айналды, ол жыл тағы бір айналды. Бір-біріне ынтықтығы күн санап артатын қос ғашықтың сезімі достарының арасында лиро-эпостық жырға да айналған еді.
– Осылай бес жылдықтарыңды тойлайсыңдар ма? – деді Қанат бірде жымиып.
Әңгімені ымнан-ақ түсіне қойған Марат езу тартты да, Әйгерімге қарады. Арқасында өрілген қос бұрымын еркелей бір жағына лақтыра тастаған қаракөз үнсіз ғана төмен қарады. Онысы да қазақ қызына тән биязылық пен нәзіктікке келетін тәрізді.
– Өмір бойы менімен бірге болуға келісесің бе? – деді Марат махаббатының қолынан ұстап. Қобалжыған­нан дауысы да дірілдеп шықты. Жүзінде бір уайым бар сияқты көрінді. Ал Әйгерім тіс жармады. Оның от жанары ай сәулесіне шағылысып, ерекше байқалды.
– Марат, ренжіме. Біз бірге бола алмаймыз, – деді бір уақытта.
Өңі бозарған жігіттің басына түрлі ойлар келді. Сан сауал сан-саққа жетеледі. Бірақ бірде-бір жауап жоқ. Қолын жібергісі келмеп еді, сүйріктей саусақтары сырғып кетіп барады.
…көз ұшында бір нүктеге айналып Әйгерім бара жатты.
Қош бол, Әйгерім!

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!