Фото: Рixabay
KAZINFORM – Қостанай облысында су тасқыны салдарынан 196 үй жарамсыз болып қалған. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов айтты.
«Облыстың екі қаласында және 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Аталған өңірлердің барлығында зардап шеккендерге залалды өтеу бойынша комиссиялар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Төлем туралы шешімдерді комиссиялар жылжымайтын, жылжымалы мүлік пен малды бағалау және техникалық тексеруден кейін қабылдайтынын атап өткен жөн. Осылайша, бүгінгі күні 354 үй тексерілді. Оның ішінде 158 үй қалпына келтіруге жатады. Олар бойынша бағалау жүргізілгеннен кейін залал сомасы төленетін болады. Қалпына келтірілмейтін үйлер саны – 196. Бұл азаматтар үймен қамтамасыз етіледі», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның айтуынша, өңірде су тасқыны салдарынан 971 мал өлді. 214 бас малға төлемақы төленді.
«Электр желілерінің 1 414, соның ішінде 52 жоғары вольтты тірегі зақымдалған. Барлық ірі елді мекендерде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. 16 шағын елді мекен әлі күнге дейін электр қуатынсыз отыр. Қазіргі уақытта смета әзірленді. Қажетті материал, тіректер дайындалуда. Жақын арада жұмыстар қолға алынады. Зардап шеккен халыққа әлеуметтік қолдау жұмыстары су тасқынының алғашқы күндерінен бастап жүргізілуде. 828 өтініш бойынша 187 млн теңге төленді. Өтініштерді қабылдау жұмысы жалғасуда», – деді Ерлан Спанов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!