ҚазақстанҚАЗЭкономика

Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды

Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлікті құрайды, жобаға шамамен 250 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция салынады

Қостанайда Kia автомобильдері өндірісінің толық циклін қамтитын зауыттың құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарын ресми бастау рәсіміне премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр және Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.Жоғары жалақы төленетін 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік болмақ. Жобаға шамамен 250 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция салынады.Роман Скляр Kia компаниясы алғаш рет Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорын мен зауыт салуға тікелей инвестиция салып отырғанын атап өтті.»Қостанайда KIA автомобилдерін шығаратын толық циклді зауыт салуды машина жасау саласы үшін шын мәнінде серпінді жоғары технологиялық жоба деп атауға болады. Бұл жоба нақты мультипликативті әсер береді, инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға, сондай-ақ локализациялаудың келесі кезеңіне көшуді айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді», — деді Скляр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, осындай негізгі инвесторы бар зауыттың пайда болуы отандық өнеркәсіпті дамытудың маңызды кезеңі, экономиканың барлық саласында Оңтүстік Кореямен болашақ бірлескен инвестициялық жобалар үшін айқын үлгі болады.

Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп күтілуде, содан кейін жабдықтар орнатыла бастайды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында зауыт пилоттық режимде іске қосылады, ал екінші тоқсанында өндірістің толық циклі ашылады.»Бүгінде Kia үшін Қазақстанның экономикасын дамытуға үлес қосу мүмкіндігіне ие болу – үлкен құрмет пен мақтаныш. Қостанайдағы жаңа зауыт азаматтар, университет түлектері мен инженерлерге жоғары деңгейдегі тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бірегей жұмыс орындарын ұсына отырып, маңызды рөл атқаратынына сенімдімін», — деді Kia Corporation президенті және бас директоры Хо Сун Сон бейнехабарламасында.Оңтүстік Корея компаниясы автомобиль жасаудағы жергілікті қамту деңгейін арттыру бойынша Қазақстанның өнеркәсіптік саясатына толық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Kia Қостанайда локализациялау орталығын ашу бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда шағын және орта бизнестің қатысуымен құрамдас бөліктер өндірісі жүргізілмек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!