SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда сауда орталығына «бомба қойылды» деп жалған хабар берген жасөспірім сотталды. Қарапайым телефон арқылы жасалған «әзіл» бір жылға бостандықты шектеу жазасымен аяқталды.

Оқиға Қостанай қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде болған. Белгісіз адам ғимаратқа жарылғыш зат қойылғанын айтып хабарласқан соң, барлық жедел қызметтер дереу оқиға орнына жұмылдырылған. Алайда тексеру нәтижесінде қауіптің жалған екені анықталды.

Бұл туралы Қостанай облысының полиция департаменті мәлімдеді. Экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері «анонимді» көп ұзамай анықтаған. Ол — қалада тұратын кәмелетке толмаған жасөспірім болып шықты.

Іс Қостанай облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты-та қаралды. Жасөспірімнің жасын ескере отырып, сот бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамаған. Алайда үкім жеңіл деп айтуға келмейді.

Сот шешімімен оған:
– бір жыл мерзімге бостандықты шектеу;
– бір жыл бойы пробациялық бақылау белгіленді.

Яғни осы кезеңде оның жүріс-тұрысы мен қозғалысы уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болады.

Полиция өкілдерінің хабарлауынша, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары ата-аналар мен оқушыларға тағы да ескерту жасады: сауда орталығын немесе өзге нысандарды «миналадым» деп хабарлау — ойын емес. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланады. Соңы сотқа, ал ата-аналар үшін жедел қызметтердің шығынын өтеу міндетіне әкелуі мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!