Мемлекеттік қызмет – елдің айнасы. Сондықтан бұл саладағы әрбір кемшілік пен жетістік көпшілік назарынан тыс қалмайды. Қызылорда облысында жүргізілген талдаулар мемлекеттік қызмет жүйесінде тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың маңызын тағы бір мәрте айқындады.

2025 жылы облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі тарапынан мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе құмар ойындарға қатысудың салдары туралы ақпараттық жұмыстарға басымдық берілген. Бұл бағыттағы шаралар экономикалық тергеп-тексеру органдарымен бірлесіп ұйымдастырылған. Дегенмен нақты дерек бұл жұмыстың толыққанды нәтиже бермегенін көрсетті. Өткен жылы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қызметкері құмар ойындарына қатысқаны анықталып, қызметінен босатылған. Бұл оқиға мемлекеттік қызметшілер арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарының әлі де күшейтілуі қажет екенін айқындады.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Алайда талдау барысында үстеме жұмысқа байланысты құқықтарды қалпына келтіру бағытында нақты шаралардың жүргізілмегені анықталды.

Осыған байланысты алдағы кезеңге бірқатар нақты міндет қойылып, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерді жеке мәселелері бойынша қабылдауды жүйелі ұйымдастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту, жаңадан тағайындалған қызметкерлерге әдеп нормаларын тұрақты түсіндіру – күн тәртібіне енді.

Денсаулық сақтау саласында да мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына қатысты кемшіліктер анықталды. Талдау нәтижесінде 74 мемлекеттік қызметшіге іссапарға шығар алдында жолақысы мен тұрғын үй шығындары төленбегені белгілі болды. Қолданыстағы қағидалар бойынша мұндай төлемдер іссапарға дейін берілуі тиіс. Бұл жағдай қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарының сақталуы мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін көрсетті. Нәтижесінде заңсыз үстеме жұмысқа жол бермеу, іссапар шығындарын уақытылы төлеу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шараларды күшейту міндеттелді.

Өткен жылдың төртінші тоқсаны бойынша жүргізілген тәртіптік тәжірибе талдауы мемлекеттік қызмет саласындағы ахуалды нақты сандармен көрсетті. Мемлекеттік қызметшілердің заңсыз әрекеттері бойынша 149 мәлімет тіркелген. Оның басым бөлігі жергілікті атқарушы органдарға қатысты. Тәртіптік комиссияның қарауынсыз 136 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қолданылған жазалардың ішінде ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс түрлері бар. Бұл жазалардың бір бөлігі басшы лауазымын атқаратын қызметкерлерге қатысты қолданылғаны мемлекеттік басқару деңгейінде де тәртіп мәселесі өзекті екенін аңғартады.

Қызметтік тергеп-тексерулер барысында бірқатар заң талаптарының сақталмағаны анықталды. Кей жағдайларда тергеп-тексеру белгіленген мерзімнен кеш басталған, кейбір есептерде тәртіп бұзушылық деректері көрсетілмей, статистикалық мәлімет бұрмаланған. Сондай-ақ тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кетсе де, жаза қолданылған жағдай тіркелді. Мұндай кемшіліктер тәртіптік рәсімдерді жүргізу сапасын арттыру қажеттігін көрсетіп отыр.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау саласында да бірқатар олқылықтар анықталды. Әдеп жөніндегі уәкілдің қабылдау кестесі мен байланыс дерегі толық жарияланбаған. Бұл мемлекеттік қызметтің ашықтығы қағидаларына қайшы келетін жағдай ретінде бағаланды. Алдағы уақытта қабылдауларды тұрақты өткізу, ақпаратты ресми ресурстарда жариялау және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыстарды күшейту міндеті қойылды.

Қорытындылай келе, жүргізілген талдаулар мемлекеттік қызмет жүйесінде оң өзгерістермен қатар шешімін талап ететін мәселелердің де бар екенін көрсетті. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, ашықтықты қамтамасыз ету – мемлекеттік аппараттың басты міндеті болып қала береді. Қоғам сенімі – мемлекеттік қызметтің ең қымбат капиталы. Ал бұл сенімді сақтау тәртіп пен жауапкершілікті күнделікті қызметтің басты қағидасына айналдырудан басталады.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!