Жер бетінде тіршілік атаулы қалыптасқаннан бастап қазіргі уақытқа дейін қанша уақыт өткенін бағамдау кез келген саналы адамды қызыққа жетелері белгілі. Ой елегіне салып қараса, бір тұжырымға келу де қиынның қиыны. Осынша жыл құпия болған сыр тұңғиық теңіз түбіндегі дүние секілді көрінеді. Себебі адамзат тарихты толық танып үлгерген жоқ.

Мысалы, Қармақшы өңіріндегі ескерткіштерге ең алғаш 1946-1991 жылдар аралығында, яғни Кеңес үкіметі кезеңінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Оның барысында табылған керамикалық материалдарды зерттеумен Л.М.Левина айналысыпты. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихымызды айқындау барысында  1998 жылдардан бастап Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Ж.Құрманқұлов та барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде аудан аумағындағы көптеген ескерткіштің ізін тауып, орнын анықтап, топографиялық карта жасады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ж.Құрманқұловтың ұсынысы қолдау тауып,аудан аумағындағы тарихи ескеткіштерге толыққанды қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туған болатын.

2017 жылы отряд басшысы Ә.Марғұлан атындағы археология институты ерте темір дәуірі бөлімінің жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Р.Утубаев және басқада экспедиция мүшелері Қармақшы ауданындағы  Бәбіш мола қалашығының маңынан бірнеше үлкен көлемді құмыра және оны күйдіретін пештерді тапқан болатын. Міне, кезекті маусымдық қазба жұмысының барысында сол тарихи құндылығы маңызды орындардың дәлелі бола алатын жәдігерлер жергілікті аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізіліп, музей экспозициясы есебінде көрмеге қойылды.

Табылған үлкен көлемді құмыраға керамика ісінің мамандары РФ-ның «Государственный музей искусства народов Востока» музейінің аға ғылыми қызметкері С.Болелов және Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің докторанты М.Сүйіндіковалар ғылыми сипаттама беріп, тұжырымдама жасады. Ғылыми сипаттама бойынша бұл топтағы ыдыстар шарық көмегімен жасалған. Сазға гипс және шамот араластырылған. Сапалы күйдірілген. Түсі қызғылт, ашық қоңыр. Пішіндеріне қарай екі түрі бар. Қазір олар музей экспозициясында. Музейге келушілердің назарына ұсынылып, тарихи құнды жәдігер ретінде насихатталуда.

Ә.БАҚТЫБАЕВ,

Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музей

филиалының ғылыми қызметкері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!