Әр ұжымда, әр достар ортасында желтоқсан айы жақындаса, бір қызық әңгіме айтыла бастайды. «Құпия санта ойнаймыз ба?» деген сұрақтан кейін кеңсе де, чат та бірден жанданып кетеді. Бір қарағанда қарапайым сыйлық алмасу секілді көрінгенімен, құпия санта – адамдарды жақындастыратын, көңіл-күй сыйлайтын ерекше дәстүр.
Құпия санта ойынының түп-төркіні Батыс елдеріндегі Рождество мерекесімен байланысты. «Санта Клаус» бейнесі балаларға сыйлық тарататын мейірімді кейіпкер ретінде танымал болса, құпия санта сол идеяның ойын-сауық формасына айналған нұсқасы. Бұл ойында қатысушылардың әрқайсысы бір адамға жасырын түрде сыйлық дайындайды. Кімге кім сыйлық жасайтынын ешкім білмейді, басты шарт та осы.
Ойынның ережесі өте қарапайым. Алдымен қатысушылардың аты-жөні жазылып, жеребе арқылы араластырылады. Әр адам бір есімді таңдап алады, бірақ оны өзгелерге айтпайды. Белгіленген бюджет болады және ол артық шығыннан сақтап, бәріне тең мүмкіндік береді. Ал ең қызығы – сыйлықты таңдауда. Біреулер пайдалы затқа мән берсе, енді бірі әзілге толы, креативті сыйлық дайындауға тырысады.
Құпия сантаның танымал болуының басты себебі – эмоция. Қымбат сыйлықтан гөрі, ойластырылған, адамның мінезі мен қызығушылығын ескеріп алынған ұсақ-түйектің өзі жүрекке жылы тиеді. Кейде тіпті сыйлықтың өзі емес, оған жазылған хат немесе әзіл-қалжың көңілді көтеріп жатады. Сол сәтте ұжымда бұрын байқалмаған бір жылылық пайда болады.
Бұл ойын әсіресе жұмыс орындарында ерекше рөл атқарады. Күнделікті ресми қарым-қатынастан шаршаған әріптестер құпия санта арқылы бір-бірін басқа қырынан тани бастайды. Тыныш жүретін қызметкердің әзілқой екенін, ал қатал көрінетін басшының да қарапайым сыйлыққа шын қуана алатынын осы кезде байқайсың.
Құпия сантада ең көп қиналдыратын сәт – «не сыйлаймын?» деген сұрақ. Мұнда сыйлықтың бағасына емес, әмбебаптық пен эмоцияға мән беру керек. Адамның талғамын нақты білмесеңіз, күнделікті қолданылатын, бірақ шағын қуаныш сыйлайтын заттарды таңдаңыз: әдемі блокнот, ерекше қалам, иісі жағымды шам, жылы шұлық немесе қызықты принті бар кружка. Сыйлыққа міндетті түрде шағын жазба қосыңыз, тіпті бір ауыз жылы сөз немесе әзіл сыйлықтың құнын емес, әсерін еселейді. Ал егер креатив қосқыңыз келсе, «таңдау еркіндігін» сыйлаңыз: кофеге, кітапқа немесе онлайн сервистерге арналған сертификат – таптырмас ой. Ең бастысы, сыйлық адамға «мен сен туралы ойладым» деген сезім сыйласа, құпия санта өз миссиясын орындады деген сөз. Яғни бұл ойында «ең күшті сыйлық» емес, «ең жылы естелік» жеңуі керек.
Қорытындылай айтқанда, құпия санта – жай ғана ойын емес. Ол адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, сенім мен жылы сезімді арттыратын шағын мереке. Кейде бір кішкентай сыйлық үлкен қуанышқа себеп болатынын дәлелдейтін дәстүр де осы.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!