Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында белгісіз ер адамның соққысына ұшыраған 51 жастағы әйелдің туысы әділдік іздейді. Айтуынша, күдіктінің жақындары құқық қорғау органдарында жұмыс істейді және олар істі жабуға тырысуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ая есімді қыз Instagram желісінде Қарқаралыда болған оқиғаны толығырақ баяндап, істің аяқсыз қалмауын сұрайды. Айтуынша, белгісіз ер адам тәтесін ұрып-соғып, қылқындырған, талып қалғаннан кейін үйге сүйреп әкелген. 

“Үйде інімді көріп қалып, оны да теуіп, ас бөлмесінде тұрған табамен ұрған. Одан соң әжеме қол көтеріп, қолын сындырды. Осыдан соң қайта сыртқа шығып, тәтемді қайтадан соққыға жықты. Көліктің даусын естіп, қаша жөнелді”, – деді қыз.

Келесі күні оны полиция қызметкерлері Қарағандыдан тапқан. Қыздың айтуынша, күдікті табылған үйден газдың ағуы байқалған. 

Жәбірленушінің туысы істі басқа бапқа біліктендіріп, күдікті жазадан құтылып кетеді деп қорқады. Себебі құқық қорғау органында істейтін туыстары барынша күдіктінің ісін жасыруға тырысып жатыр дейді.

“Жаңа сылтаулар мен басқа оқиғалар ойлап тауып, жазасын қысқартпақшы. Тонау немесе ұру ниеті болмады, жай ғана екі миллион теңге қарызын қайтарып алуға келді деп шығарып алған. Алайда олар бір-бірін мүлдем танымайды, осыған дейін оны көрмеген, тіпті ақшаны алмаған”, – деді Ая.

Қарағанды ​​облысы Қарқаралы қаласының 51 жастағы тұрғынына шабуыл жасаған ер адамның бейнежазбасы желілерде таралған еді. Келесі күні Қарағанды полицейлері 31 жастағы күдіктіні ұстады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!