Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер… Әрі расында Алла тақуалармен бірге екенін біліңдер» («Тәубе» сүресі, 36 аят). Осы аят бізге айлардың саны он екі екенін нақ айта келіп, мұсылман күнтізбесінде қасиетті болған төрт ай бар екенін айғақтайды. Яғни бұл төрт ай қасиетті болуымен құрметке әбден лайықты. Үш ай бірінен соң бірі тізбектеліп келеді. Ережеп, Шағбан, Рамазан және Зүлхижжа айы. Сондықтан бұл айларға жеткенде ерекше құрметіміз артады. Құрметті төрт ай және олардың қасиетті болу себебін бізге Қызылорда қалалық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайырбек Тоқтықбайұлы әңгімелеп берді.
‒ Ережеп айына тоқталсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәннатта сүттен ақ, балдан тәтті бір өзен бар. Ол «Ережеп» деп аталады. Кімде-кім Ережеп айында ораза ұстаса, Алла тағала сол өзеннен су ішкізеді», – деген. Ережеп айының қадірі сондай онда қасиетті екі түн бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы – Рағайып түні болса, екіншісі, жиырма жетінші түні – Миғраж кеші. Рағайып түні рухани берекеге толы, мұсылмандар ерекше қадірлейтін түн болып табылады. Миғраж түні – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан сәті. Сөйтіп үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый ретінде намазды әкелген. Ережеп айының қасиетті түндеріне жеткен әрбір мұсылман Аллаға құлшылық, ғибадаттарын арттып, дұға-тілектерін жасайды.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережеп айынан кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. Шағбан айында: «Аллаһым! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла көр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деп жиі дұға жасайтын болған. Шағбан айының он бесінші түні қасиетті «Бәраат түні» болып табылады. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі кеш. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші барма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» деп айтқан.
Рамазан – айлардың сұлтаны, Құран түскен құтты ай. Ораза ұстау парыз болған құлшылық айы. Құранда Алла: «Кімде-кім ораза айында болса, ораза ұстасын» деген («Бақара» сүресі, 185-аят). Сахаба хазіреті Әнас (р.ғ.) Алла Елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», – деп сұрағанда: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айында ұсталған ораза» деп, ал: «Қай садақа абзал?» деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Рамазан айында берілген садақа» деп жауап берген. Сондай-ақ рамазан айында түндердің төресі, мың айдан қайырлы, періштелер жерге түсетін, жер бетін берекелі ететін әрі Құран түскен қасиетті «Қадір» түні бар. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баян еткен. Алла елшісі де (с.ғ.с.): «Қадір түнінде – сол жылғы жақсылық пен жамандық, ризық-несібе, өмірдің мөлшері тағдырға жазылады» деп айтқан.
Қасиетті төрт айдың тағы бірі ‒ Зүлхижжа айы. Бұл айдың алғашқы он күні жайлы хадисте былай делінген: «Алла алдында зүлхижжа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ». Құрбан айт мерекесі осы он күндіктің ең соңғы күнінде тойланады. Арапа күні ауыз бекіткен жанның осы күнге дейінгі бір жылдық және осы күннен кейінгі бір жылдық күнәлары кешірілетіні баян етіледі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Алла Тағала Арапа күні ұстаған оразаға өткен және келер жылдың күнәларын кешірілуіне сауап жазады» деп айтқан. Олай болса, Құран аяттарында қасиетті делінген жоғарыдағы айларға құрмет көрсетіп, Аллаға құлшылық ету әрбір мұсылманға берілген ең үлкен нығмет. Қасиетті айларда ораза тұтып, шамасынша құлшылық-ғибадаттар жасап, садақа беріп, көбірек дұға-тілектерде болғаны абзал.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!