Қызылорданың қақ ортасынан Сырдария өзені өтеді. Дарияның сол жағалауына да қала салып шаһар көркін аша түсу идеясы сол уақыттағы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың идеясы болатын. Сыр өңірінің руханияты мен мәдениетіне ерекше қамқорлық жасап, туған жер, туысқан жұрттың қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген әкім бұл қаланың сәулетті болуына да күш салды. Ең мықты сәулетшілерді жинап, бас жоспарын бекітті. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеген – Любовь Нысанбаева басқаратын «Урбостиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы. Білікті сәулетшінің бас жобасы халықты да қуантып қойып еді. Себебі жобада еліміздің ұлттық нақыштары мен шығыс стилінің басты өрнектері қамтылған болатын. Бұл 2011 жылы басталған жұмыстар еді. Он жыл уақыт өтті. Салынып жатқан ғимараттар бас жоспарға сай ма? Халыққа жария етілген шығыс стилімен үйлескен ұлттық нақыштағы ғимараттар неге салынбай жатыр? Не өзгерді? Неге өзгерді?
“Сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Оның 11-і тұрғын аудандар, 1-еуі индустриялық аймақ және 3-еуі ірі парк және бульварлар. Бесінші тұрғын ауданның құрылымында махалля типтес орта қабатты үйлерді салу жоспарланған. Әрбір тұрғын ауданның ішінде есептеулерге сәйкес мектептер мен балабақшалар, емхана, дүкендер және тағы басқа да қызмет көрсету орындары салынады”. Бұл ақпараттан бас жоспардың өзгергенін аңғаруға болады. Ең алғашқы мақұлданған жоспарда шығыс стильінде халықты желден, күннен қорғайтын тапшандар, ұлттық нақышта безендірілген ғимараттар, зәулім үйлер болмақ. Бұл жоспардан біз сол жағалауды мақсатты игерудің жобасы өзгергенін аңғарамыз.
Сұлтанбай Қонарбаев, «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары:
− Сол жағалауындағы жаңа қала – 1532 га аумақты құрайды. Онда оның рекреациялық аймақтар, тұрғын үй құрылысы, сауда орындары мен офистік ғимараттарға, әлеуметтік инфрақұрылымға арналған жер телімдері бар. Жоба бойынша 16 жаңа мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық сақтау мекемесі, сондай-ақ спорттық және әлеуметтік-мәдени ғимараттар салу жоспарланды. Бұл 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы, оның ішінде 1 млн шаршы метр тұрғын үйді 2025 жылға дейін пайдалануға беру жоспарлануда, нәтижесінде 50 мыңға жуық адам жаңа пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Жоба толық іске асырылған жағдайда 155 мыңнан астам адам қала тұрғыны үй-жаймен қамтамасыз етіледі. Әзірленген жобада ескі қалалардың сәулеттік элементтерін кеңінен қолдану және сол жағалаудағы жаңа қаланың келбетіне ұлттық нақыш беру жоспарлануда. Ол бойынша да жобада нақты ұсыныстар берілген. Салынатын ғимараттардың қас беттері шығыс және ұлттық нақышта әзірленуі тиіс. Бүгінгі күні сол жағалауды тиімді игеру мақсатында бірінші кезеңде мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын ғимараттар бой көтеруде. Келесі кезектегі үйлер мен ғимараттар шығыс стилінде жоспарланған. Жоба бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Қызылорда қаласының бас жоспарының авторларының бірі Еркін Ибрайымов сол жағалаудың алғашқы жобасы керемет еді деп еске алды.
Еркін Ибрайымов, сәулетші:
− Қаланың бас жоспарын жасағанда сол жағалауды да енгіздік. Ең алғаш қабылданған Любовь Нысанбаеваның ұжымы дайындаған жоба өте ерекше болатын. Алматы, Астана қаласынан архитекторлар алдырып, солармен ақылдаса отырып дайындалды. Ғимараттардың бәрі Шығыс стилінде, ұлттық нақыштарда дұрыс қолданылған, желді, ыстық аймағымыздың ерекшеліктері ескерілген әсем ғиммараттар сызбасы бар болатын. Сол жағалау сол сәулеттік жобамен салынғанда сәнімен салтанаты келісер ме еді? Өкінішке қарай бұл жоба бірнеше рет өзгерді.
Қырымбек Көшербаевтың бастаған жұмысын бүгінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жалғастыруда. Аймақ басшысының төрағалығымен Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары әкімдік жанындағы штаб отырысында талқыланып отырады екен. Қазір сол жағалауда құрылыс қарқынды. Бұған дейін 2455 пәтерлі 53 тұрғын үй және «Болашақ» университетінің білім кампусы, 320 орындық балабақша, «Жастар орталығы», 720 орындық «Orda school» мектебі, «Транстелеком» акционерлік қоғамының ғимараты, әкімшілік ғимараты сондай-ақ бұрынғы «Қазақ Орталық Атқару Комитеті» ғимаратының сызбалары бойынша салынған мұражай пайдалануға берілді. Сол жағалауды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралықтрассасымен байланыстыратын, ені 60 метрді құрайтын автожол іске қосылды. Енді алдағы уақытта 9-12 қабатты ғимараттар бой көтереді. Ғимараттардың ортасында ерекше сән берер гүл бульвары болады екен.
Алмат Берікұлы, «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі сәулет, қала құрылысы және мониторингі бөлімінің басшысы:
− Сол жағалаудың орталық алаңының сәулеттік келбетін ашатын және халық тұрмысына тиімді орта қалыптастыру мақсатында Қызылорда облысының құрылысшылар ассосациясымен біріге отырып «Гүл бульварының» нобайын дайындаған үздік жобаны комиссия анықтады. Жоспарланған бульвар аумағында фонтан, балалар алаңы, көлік тұрағы және көптеген кіші архитектуралық фигуралар қарастырылған. Жалпы бульвардың аумағы 12 гектарды құрайды. Бұл бульвар сол жағалаудың сәулетін аша түсетін болады.
Сәулет – ұлттық мәдениет жайлы сөзсіз сөйлеп, тілсіз баяндап бере алатын асыл қазына. Қаламызда құрылыс дағдарыс пен инвестицияның жоқтығына қарамастан қарқынды жүріп жатыр. Жылдамдық пен үнемдеу бұрыннан бірінші орынға шыққан. Қалада өмір сапасын жақсарту үшін сауатты архитектуралық саясат қажет, ал сәулетшілердің өзі қала құрылысы саясатын қалыптастыруда жетекші рөл атқаруы тиіс. Нарыққа сай құрылыс жүргізгенде сәулет шеткен ысырылып қалмауы керек. Әсіресе: Елбасы «Алаштың анасы» атаған Сыр елінің сәулеті мен сәні келісіп жатса құба құп болар еді. «Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілдері сол жағалаудың алғашқы жоспары өзгермегенін айтып сендірді. Әйтсе де бұрын жоспарда болмаған қызыл кірпішпен өрілген тұрғын үйлерді тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында салып жатқандарын айтады. Мұқтаждыққа мән берген де жөн-ау, қаншама жан баспаналы болады. Ал ғимараттарды салғанда сәулеттік жобасын сақтап қалуға болмас па еді? Сол жағалауды сәулетті бас шаһардың көркіне көрік қосар еді.
Гүлбану МАҚАЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!