Көпқабатты тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттар қаланың көркіне көрік қосып, шаһардың шырайын аша түседі. Сондықтан да болар кез келген мемлекеттің не қоғамның дамуына құрылысы мен көше келбетіне қарап, баға беріп жатады. Бүгінде өңірде бой көтерген әрбір нысан аймағымыздың алға басуының айғағы.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында құрылыс саласына қатысты баспасөз конференциясы өтті. Жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев 2024 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы және алдағы жобалар жөнінде баяндады.

– Жоспарланған қаржы 100% игерілді. Бөлінген бюджет көлемі 2022 жылмен жылмен салыстырғанда төрт есеге өсті. Басқарманың тапсырысы арқылы негізгі 4 күрделі сала бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар – білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салалары. Білім саласында биыл 35 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланып, қазір 24 нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатса, 1 нысан пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталды, олардың барлығын осы жылы аяқтау жоспарланған. Қалған 11 мектеп биыл басталып, 2025 жылы ел игілігіне беріледі. Биыл пайдалануға берілетін мектептердің барлығына инфрақұрылым жеткізілген, абаттандыру жұмыстары да жақын күндері басталып, 1 тамызға дейін аяқтау межесі қойылған, – деді Ерлан Кәрімбекұлы.

Басқарма басшысы биыл облыста барлығы 176 нысан салынып жатқанын мәлімдеді. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен 330,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 103,7% құрап отыр. Сонымен қатар «Білімді қолдау қоры» арқылы Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы 400 орындық оқу корпусы мен 300 орындық жатақханасы бар мектеп-интернаттың құрылысы жүруде.

– Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша 20 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ұлттық жоба бойынша 11 нысан, яғни 9 амбулатория және 2 ФАП-тың құрылысын биыл қазан айында аяқтап, тапсыру жоспарда бар. Ал спорт саласы бойынша 14 нысан салынуда, оның ішінде ең ауқымдысы 7000 адамдық орталық стадион болып отыр. Стадион құрылысын келесі жылдың наурыз айында толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал мәдениет саласы бойынша жыл басында ең үлкен жобамыз өнер орталығын табыстадық. Ендігі мақсат жеті ауданда өнер орталықтарының құрылысын жүргізу. Оның бесеуі биыл толықтай салынып, қолданысқа берілсе, қалған екеуін келесі жылы аяқтаймыз, – деді Ерлан Кәрімбекұлы.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!