Ұлы жаратылыстың адамнан кейінгі ғазиздерінің бірі құстар. Құстар – еркіндіктің белгісі, қазақ халқының болмысын айшықтап тұратын жұмбақ жаратылыс. Күз келсе, бізге беймәлім өлкелерге сапар шегетін, көктем орнаса, адамдарға қайтадан үміт сыйлап оралатын құстар. Біздің қанатты достарымыздың өзіне тән тіршілігі, болмысы бар. Әр дүниенің жік-жікке бөлінетіні секілді, құстардың да түрлері жетерлік.
«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы Дельта учаскесін қосу арқылы кеңейтілді. Бұл аймақ ақбас үйрек пен аққұйрықты субүркіт ұя салатын жері, ал іргелес жатқан шөлейт, қылқұйрық, ақбауыр және қарабауыр бұлдырықтарға ұялау ретінде маңызы зор. Сулы-батпақты жерлер (әсіресе таяз сулар) қоқиқаздардың, жалбағайлардың, бұйра және қызғылт бірқазандардың қоныс аударатын жерлері және демалу, қоректену орындары ретінде маңызды рөл атқарады. Зерттеушілердің мәліметтеріне сәйкес, бұл аумақта 200 мыңға жуық жыл құсы мен осы жерлерде ұялайтын құстар және балықтар сирек кездеседі екен. Жылдың әртүрлі мезгілінде 250 түрлі құстар мекен етеді. Оның 33-і «Қызыл кітапқа» енгізілген, 17-і индикаторлық.
Республикалық «Парктер шеруі – 2025» табиғат қорғау акциясына «Құстарды бақылаудың көктемгі декадасы » бойынша Жаңақұрылыс, Қаратерең елді мекендерінің мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысып, жыл құстары туралы түсініктерін кеңейтті. Жиі кездесетін жыл құстарының атауын, олардың ерекшеліктерін, негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға, аң аулаудың белгілі бір түрлеріне тыйым салуға немесе шектеу қоюға, құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталғаны туралы түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Бұл шара балалардың экологиялық мәдениетін арттыру, жас буынды ұя жасауға үйрету, оларды іліп, құстарға қамқорлық жасауға бейімдеу, табиғатты қорғауға деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұйымдастырылды. Қорық қызметкерлері мен орманшылар осылайша, көпшілікті қоршаған ортаға бей-жай қарамай, жанашырлық танытуға үндейді.
Мейрамбек БАЙЖІГІТОВ,
«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы РММ-нің
қоғаммен байланыс жөніндегі маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!