Апат туралы хабар… Бір сәттік үнсіздік… Дабыл қаққан қатқыл қоңырау. Бұл сәтте өмір мен өлімнің арасындағы арпалыс бір ғана секундтың еншісінде тұрғанын олар жақсы біледі. Белгісіздікке қарай жасалған әр қадамның артында тағдыр тұрады. Қоңырау түскен шақта жан-жағын шолып ойланып тұратын уақыт жоқ, жүрек дүрсіліне ілесіп, жедел оқиға орнына асыққан қызметкерлер ғана бар. Міне, осындай ортада жүрегінің түгі бар нағыз батыр жандар еңбек етеді. Біз сөз еткелі отырған сала – құтқарушылар қызметі.

Кез келген секундта қоңырау соғылып, құтқарушылар оқиға орнына аттанып кетуі мүмкін. Әр бұрыштан темірдей тәртіп, дайын тұрған құрал-сайман, жинақы қойылған киімдер, ұқыптылық пен жауапкершіліктің ауыр жүгі сезіледі.

2025 жылы болған оқиғалар статистикасына назар салсақ, құтқару қызметінің күнделікті тынысына сырт көзбен бойлау мүмкін емес екенін түсінесің. Жыл басынан бері 775 шығыс тіркелген. Оның 170-і – авариялық-құтқару жұмыстары, 209-ы – тұрмыстық сипаттағы шақыртулар, 31 жағдай – іздестіру-құтқару операциялары. Жол-көлік оқиғалары – 6, өрт – 1. Мониторинг пен рейдтерді қоса есептегенде тағы 333 шығыс бар. Жыл басынан бері 283 адам құтқарылған, оның 197-сі – бала. Қайтыс болғандардың саны – 41 адам. Бұл – осы саланың қаншалықты ауыр әрі ең маңызды бағыттардың бірі екенін дәлелдейтін статистика.

Құтқару бекетінің тынысымен жақынырақ танысу үшін 20 жылға жуық тәжірибесі бар маман, Қызылорда облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетовпен жолықтық. Ол бізді жұмыс орнымен таныстыра отырып, өз саласы туралы шер тарқатты.

Жедел-құтқару жасағының ауласынан-ақ бұл жердің басқа мекемелерден мүлде бөлек екенін байқауға болады. Бір шетте әрдайым сақадай сай тұратын техника: жүзуге арналған қайықтар, арнайы көліктер, сүңгуірлердің жабдықтары, темір кесуге арналған құралдар, арқан-тросс жүйелері, тағысын талай қондырғы. Бұл – төтенше жағдай туындағанда әр секундты үнемдейтін, кез келген сәтте іске қосылуға дайын тұратын темір-құралдардың тұтас әлемі. Ал бұл техниканы басқаратын, оны өмір мен өлім арасындағы арқанға айналдыратын – осы қызметтің мамандары.

Құтқару қызметі: жауапты саладағы бір күн

Жұмыс орнының ішінде тыныштық жоқ. Бір жерде оқу-жаттығу өтіп жатыр, бір жерде жеке құрам физикалық дайындықтарын тексеріп жатыр, тағы бір жерде арнайы құжаттарды пысықтап отырған мамандар бар. Бәрі бір ырғақпен, бір тәртіппен, бір мақсатпен қозғалады – адам өмірін апаттан арашалап қалу.

20 жылға жуық өмірін осы салаға арнаған кейіпкеріміз де осында. Еңбек жолын қарапайым құтқарушы-сүңгуір болып бастаған ол бүгінде Жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары қызметін атқарады. Жүрістен шаршамайтын, оқиға орнына бірінші жететін, әр тапсырманы соңына дейін жеткізетін жан екенін ұжымдастары да ерекше атап өтеді.

Кейіпкеріміз әңгімесін тым салмақты бастады. Оның әр сөзінде жауапкершіліктің, кәсіпке деген адалдықтың, осы жолға деген шынайы махаббаттың лебі сезіледі.

– Мен бала кезімнен құтқарушы болғым келді. Форма киюді армандайтынмын. Бұл жасөспірімдік қиял емес, нағыз құтқарушы болуды қаладым. Бұл салаға келгелі шамамен 20 жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында түрлі жағдайды, апатты, адамдардың тағдыры шешілер сәттердің куәгері болдым. Оңай емес, десе де мен мамандығымды ең қызық әрі ең маңызды қызмет деп санаймын, – дейді ол.

Екі онжылдық – қарапайым еңбек өтілі емес. Бұл – талай құтқару операциясының, сансыз тәуліктің, отқа да, суға да түсудің, кейде үсікке, кейде ыстыққа күюдің, талай адамның көз жасына, талай адамның алғысына куә болудың жолы.

Екінің бірі шыдамайтын салмақты сала

Бұл салада тек жүрек қалауының өзі жеткіліксіз. Себебі жүгі ауыр һәм жауапкершілігі мықты.

– Құтқарушы болу үшін ең алдымен ынта керек. Үйренемін, істеймін, шыдаймын деген мінез керек. Бұл жұмыстың оңайы жоқ. Адам физикалық жағынан да, психологиялық тұрғыда да сыналады. Бір сәтте шешім қабылдай алу да керек. Абдырап қалсаң – кеш. Себебі сенің шешімің адамның тағдырын өзгертуі мүмкін, – дейді кейіпкеріміз.

Құтқарушылармен біраз сөйлескеннен кейін бұл мамандықтың тек күш пен батылдықты ғана емес, ерік-жігер мен төзімділікті қажет ететініне көз жеткізесіз. Кейіпкеріміз осы тұста бір қызық әрі маңызды детальды атап өтті.

Құтқару қызметі: жауапты саладағы бір күн

– Бұл жерде шыдай алмағандар да болды. Біз оларды арнайы тапсырмаларға жібереміз. Сонда-ақ бәрі белгілі болады. Қиындығына шыдамай, арызын тапсырып кеткендер де кездесті. Жылы, жайлы өмірге үйренгендер бұл саланың шынайы ауырлығын көтере алмай жатады. «Менің тек құтқарушы болғым келеді» – дейді кейбірі, бірақ біздің жұмыста олай таңдап жатпайсың. Суға түс десе – сүңгисің, тауға шық десе – өрлейсің, – дейді ол.

Шынында құтқарушылар кейде желі тартпайтын айдалаға, отқа оранған ғимаратқа, суық өзеннің түбіне, кейде биік ғимараттың төбесіне, улы газ толған жабық кеңістікке де кіреді. Қалай ойлайсыз, сіз мұндай қызметті атқара алар ма едіңіз? Иә, қиын. Десе де аталған маман иелері үшін бұл жұмыстар күнделікті тірлік.

Мейрамбек – батыр!

Кейіпкеріміз қызметінің алғашқы жылдарында жасаған ерліктерінің бірі көп адамның қолынан келе бермесі анық.

Ол құрылыс жүріп жатқан нысанда уланған үш азаматты жалғыз өзі құтқарып қалған. Абдырауға да, алаңдауға да уақыт тапшы сәтте кейіпкеріміз үш азаматтың өміріне араша болып, қайғыдан сақтап қалды.

– Жұмысшылар үлкен бөшке секілді кеңістіктің ішінде қабырғаларды бояп жатқан сәтте вентиляцияның болмауынан бояу иісіне уланып қалған. Барған кезде екі адам талып жатты, біреуі әлі есін жоғалтпағанымен әлсіреп қалған екен. Ойлануға уақыт жоқ, бірінен соң бірін сыртқа алып шықтым. Ондай кезде ештеңені есептемейсің, тек адамдарды алып шығу керек деген ой тұрады, – дейді ол.

Бұл оқиғаны бұған дейін ешкімге айтпаған екен, десе де ол мұны мақтаныш пен ерлік деп емес, құтқарушының тікелей міндеті деп санайды.

Құтқару қызметі: жауапты саладағы бір күн

Ағынан жарылған кейіпкеріміз тағы да батылдықтың үлгісін көрсеткен жайт туралы баяндап берді. Оқиға Шиелі ауданында болған өртке қатысты.

Кейіпкеріміз сол күні жол бойындағы ғимараттан будақтаған түтін мен алаулаған отты байқап қалады. Уақыт күтпейді. Ол бірден өрт сөндіру қызметіне хабарласып, алғашқылардың бірі болып жалындаған өрттің ортасына лап берді. Дереу қабылданған шешімнің арқасында ғимарат ішіндегі 3 адамның өмірін құтқарып қалды.

– Өрт – ең қауіпті жағдайлардың бірі. Түтін адамды көзді ашып-жұмғанша уландырып тастайды. Сол үшін бір секунд та бос кетпеуі керек. Мен өрт сөндіру қызметіне хабарасып, кейін бірден өзімнің әріптестерімді шақырттым. Құдай жамандықтан сақтап, адамдарды сыртқа шығарып үлгердік. Оқиғадан зардап шеккен бір азаматтың денесін 85% күйік шалып, бір өлімнің аузынан қалды. Бірақ шүкір, тез әрекет пен әріптестерімнің шапшандығының арқасында барлығы дін аман. Кейіннен зардап шеккен жандар келіп рақметтерін жаудырғаны әлі есімде, – дейді ол.

Өткен жылы елді әбігерге салған су тасқыны халықты есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. Елді мекендегі үйлер су астында қалып, тұрғындар жан-жаққа эвакуацияланған күндер бәрінің есінде. Құтқару операцияларының алдыңғы шебінде жүрген кейіпкеріміз бұл кезеңді ауыр сәттердің бірі деп еске алады.

– Су тасқыны ерекше қиын. Себебі ол тек бір үйге емес, тұтас ауылға әсер етеді. Жұрттың көзіндегі қорқынышты көру, олардың заттарын су шайып кеткенін бақылау, балаларды алып шығу – бәрі ауыр. Ол кезде адамдары ғана емес, тірі жанның бәрін құтқардық, – дейді ол.

Білім барлық салада маңызды

Бұл салада үнемі білім алып, оқу-жаттығулардан өтіп, норматив тапсырып отыру – заңдылық. Жазда ғана аздап тыныштық болса, қалған уақытта құтқарушылар кәдімгідей сабақ оқиды, физикалық дайындықтарын көрсетеді.

– Бізде сабақ өтеді. Біз үнемі оқимыз. Құтқарушы тоқтаусыз дамуы керек. Бір жерде тұрып қалуға болмайды. Медициналық алғашқы көмек көрсету, жаңа техникамен жұмыс істеу – бәрін меңгеру қажет. Мен біліктілігімді арттыру үшін шет елдерге барып тәжірибе алмасып отырамын. Қырғызстанда, Белоруссия мемлекеттерінде болып келдім. Ол жаққа жіберу үшін де бізді іріктейді.

Жастарға айтар кеңесім: ерінбеу керек. Үздіксіз оқу керек. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүремін деген адам бұл саладан ұзаққа бармайды, – деді білікті маман.

Құтқару қызметі: жауапты саладағы бір күн

Қауіпсіздік ережесін сақтамау – қасіреттің бастауы

Құтқарушымен әңгімелескен сайын бір дүние айқындалды: көптеген қайғылы жағдай адамдардың немқұрайлылығынан, қауіпсіздік ережесін елемеуінен болады.

Суда қаза тапқан жасөспірімдер, газдан уланып қалған талай отбасы, өртке себеп болған ұқыпсыздық – бұлардың алдын алуға болар еді, десе де жауапкершіліктің болмауы талай адамның өмірін жалмағаны рас.

– Біздің ең көп көретініміз – адамның өзінің немқұрайлылығы салдарынан келген қайғылы оқиға. Суға шомылуға болмайтын жерге түсу, қауіпсіздік белбеуін тақпау, өртке қарсы ережелерді сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру – бәрі осындай жағдайға әкеледі. Біз әр рейд кезінде түсіндіреміз, айтамыз. Бірақ соның өзінде елемейтіндер бар. Адамдар өз өмірін бағалай білсе екен.

Біз жалпы кез келген апат орнына барамын дегенше адам аман болса екен деп тілейміз. Тіпті жаңадан құрал-сайман алып жатсақ та, оны тек оқу-жаттығу жұмыстарында ғана қолдансақ деп ниеттенеміз. Әрине үміт қой, жамандықтан сақтасын, – дейді Мейрамбек.

«Отбасым – байлығым»

Кейіпкеріміз тек жақсы құтқарушы ғана емес, отбасының тірегі, үш ұлдың әкесі. Балаларына да ер азаматқа сай тәрбие беруді басты міндетінің бірі деп санайды.

– Үш ұлым бар. Оларға дұрыс тәрбие беріп келемін деп ойлаймын. Үлкен ұлым әскери қызметкер болғысы келеді. Ортаншым спортқа жақын. Кішкентайым енді өсіп келеді. Егер менің жолымды жалғастырамыз десе – ол мен үшін үлкен мақтаныш. Бірақ ең бастысы – елге адал қызмет ететін азамат болса болды. Мен үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді ол.

Тілші түйіні: Біз жұмыс орнын аралап жүріп, құтқарушылардың барлығы да қарапайым, ашық, елгезек адамдар екенін байқадық. Олар өздерін батыр санамайды, өздерін ерекше көрмейді.

– Біздің жұмысымыз – адамдардың өмірін құтқару. Адамға көмектесу үшін туған мамандық, – дейді кейіпкеріміз сөзін қорытындылай.

«Бұл – біздің жұмысымыз» деп қысқа қайырса да, бұл пікірдің түкпірінде тұтас қоғамның қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан жанкешті жұмыстарды естен шығармайық.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!