Оны 2024 жылы өзге өңірлерде болған су тасқыны кезінде аянбай тер төккен, қажырлы еңбегімен көзге түскен жастардың бірі ретінде білемін. Қайсар, қайратты, біртоға мінезді. Көбіне күрделі жұмыстардың басы-қасында жас та болса ерекше белсенділік танытып жүретіні оның жауаптылығы мен еңбекқорлығы нағыз патриот екенін айқын көрсетіп тұрады. Үлкен-кішіні сыйлай білетіні, елгезектігі, белсенділігі, көптің алғысын алуға деген құштарлығы оны, яғни, құтқару қызметінің құрдасын өзі қалаған осы қауырт қызметке әкелгендей көрінеді. Біз айтып отырған азамат – Мерей Раманқұл.
Мерей Жантөреұлы 1995 жылдың 5 қарашасында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Жаңарық ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Жаңарық ауылындағы №167 орта мектебін тәмамдаған ол арман қуып, 2015-2019 жылдары ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алды.
Оның алға ұмтылысы оқу орнын бітіре сала жұмысқа орналасуға әкелді. Талапшыл жас 2019 жылдың 6 маусымында №158 бұйрығымен Қызылорда облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ Жаңақорған ауданы №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымына тағайындалды. Ал 2019-2023 жылдары аралығында азаматтық қорғау органдарында қарауыл бастығы, аға анықтаушы, инженер лауазымдарында сатылап өсіп еңбек етті. Бүгінде ол – Қызылорда облысы ТЖД ТЖ жою басқармасының инженері.
Құтқару қызметін тек қана мамандық емес, адамдықтың бейнесіндей көретін Мерей осы салада жүріп, өзінің азаматтық болмысын қалыптастырды. Жас маман 2021 жылдың 25 қыркүйегінде шаңырақ көтеріп, қазір ұл-қыз тәрбиелеп отырған жас отаудың иесі. Жұбайы Асылзат Базарханқызы – Жаңақорған ауданындағы №286 орта мектебінде «Бастауыш» саласының мұғалімі. Отбасылық жүкті, жауапкершілікті жастайынан түсінген Мерей – шаңырақтағы екінші перзент.
– Әкем Жантөре Раманқұлұлы Жаңақорған аудандық Оқушылар үйінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді. Қазақта «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар. Темірдей тәртіп пен жауапкершілікті сезінуді әке тәрбиесінен алдым. Ол – менің өмірлік ұстазым. Қай уақытта да қолдап, ой-пікіріммен санасып отырады. Оның осы қолдауларының арқасында азамат болдым, атқа міндім, – дейді Мерей.
Бүгінде сол тәрбие жалынды жастың өмір белесінің әр сатысынан сүрінбей өтуіне көмектесіп келеді. Талпынғанның тау асатынын, биіктермен таласатынын көрсетіп жүр. Қайсыбір сәтте де қанатын биікке қаққан қырандай алысты көздейді. Межелі нысанаға жету – оның айқын мақсаттарының бірі.
– Әкемнен тәртіп пен жауапкершілікті алсам, анам Гүлмира Қалболатқызынан мына әлемге махаббатпен қарауды, айналаға қолұшын беруді алдым. Отбасымда осындай ата-ананың перзенті екенімді мақтан етемін. Олардың берген бағыт-бағдары мен тәлім-тәрбиесі мені әрқашан биікке жетелейді. Талабымды шыңдайды. Қандай белесті бағындырсам да, оның арғы жағында ата-анамның үлесі қомақты екенін мақтанышпен айтамын.
Әпкем Айдана білім саласында, қарындасым Сымбат денсаулық саласында қызмет етеді. Ал інім Мәди Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде Ақпараттық қауіпсіздік мамандығы бойынша білім алуда. Анамыздың жүрегімізге мейірім дәнін себе білгенінен болар, бауырларыммен тату-тәтті өстік. Бауырларымның орны мен үшін жоғары, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Мерей мамандығын бар жүрегімен жақсы көреді және оны мақтан тұтады.
– Биыл Құтқару қызметінің құрылғанына 30 жыл болды, мен де 30 жасқа толғалы отырмын. Өзім еңбек етіп отырған осындай жауапты саламен құрдас болу – мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан өзіме артылған зор жауапкершілікті сезінемін, – дейді Мерей Жантөреұлы.
Ол қызмет жолында еткен еңбегіне орай Қызылорда облысының, Жаңақорған ауданының, Ақмола облысындағы Жақсы ауданының әкімдерінің алғыс хатын иеленген.
– Бұл жұмыста марапаттың да өзіндік орны бар шығар. Бірақ мен үшін үлкен марапат – көмегіміз тиген халықтың қуанышы. Қазақ «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» дейді. Халық берген ақ бата біздің жолымызды ақ етеді. Заңғар биікті бағындырып, жұмыста үнемі қадамымыздың алға басуына мүмкіндік береді. Болашақта да ұстанымым – осы. Өзіңнің елге керек екеніңді сезіну, сенің жұмысың арқылы әлдекімнің қауіптен аман қалуы – зор бақыт, – дейді білікті маман.
Қоғамда өзінің жұмысын «күнім өтсе» деп, таңнан кешке дейін уақытын өткізіп, жалақы алғанына қуанып жүрген адамдар жетерлік. Ал Мерей тәрізді мамандар елдің жүгін арқалап жүр. Ортамызда осындай елжанды азаматтардың болғаны қуантады.
Айгүл АСЫЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!